Қазақстандық әншінің өнері The Voice шоуының әлемдік рейтингіне енді
18 жастағы Құралай Мейрамбектің “Qazaqstan дауысы” шоуындағы өнері Best of The Voice әлемдік рейтингіне кірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
YouTube-та әлемнің түкпір-түкпірінен The Voice шоуына қатысушылардың ең жақсы нөмірлері жиналды. Құралай Мейрамбек "Қазақстан дауысы" жобасында "Қорқыт қобыз" әнін орындап, 4 тәлімгерді өзіне қаратқан. Қобыздың даусын салған қызылордалық ару тәлімгерлердің денесін түршіктіріп, елді таңдай қақтырған.
Құралай ән айтқан сәтте тәлімгерлер өз эмоцияларын жасыра алмады. Әрқайсысы Құралайдың өнерін жоғары бағалап, өз тобына шақырды. Өз кезегінде қызылордалық жас әнші Сәкен Майғазиевті таңдады.
Ал Құралайдың ән айтқан сәті аз күнде 300 мыңнан аса қаралым жинап, YouTube-та трендке шықты.
Бұдан кейін Құралай Ұлттық арнаның "Таңшолпан" бағдарламасында қонақ болып үлгерді. Ол өзі жайлы сұхбат беріп, 5 жасынан бастап ән айтып жүргенін жеткізді.
2011 жылы жас орындаушы Испанияның Ллорет-де-Мар қаласында өткен халықаралық байқауда бірінші орын алған. Сонымен қатар сол жылы ол Витебскідегі "Славян базары" халықаралық балалар байқауында бірінші орын алып, арнайы сыйлыққа ие болған. Құралай Мозамбикте өткен IFLC Mozambique байқауына да қатысқан, 2015 жылы румын-түркі олимпиадасында жеңіске жеткен.