Қазақстандағы мектептер мен балабақшаларда бюджет қаражатын жымқырудың кең тараған тәсілдері белгілі болды
Қазақстандағы мектептер мен балабақшаларда бюджет қаражатын жымқырудың кең тараған түрілері белгілі болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: freepik.com
Қаржы министрлігінің мәліметінше, бірнеше айдың ішінде 36 білім беру ұйымында 1 млрд теңгеден астам соманы жымқыру фактісі тіркелген. Министрлік ақша жымқырудың кең тараған түрі қосарлы (екі түрлі) есепке алу мен еңбекақыны асыра бағалау екенін атап өтті.
“№48 Ақтөбе орта мектебінің құжаттарында есепшінің жалақысы жылына 700 мың теңгеден сәл артық болғаны жазылса, іс жүзінде оның картадағы шотына ай сайын шамамен 3-5 млн теңгеге дейін аударылып келген”, – делінген министрлік хабарламасында.
Мемлекет қаржысын ұрлаудың кең тараған түрлері арасында жалған қызметкерлерге ақша аудару мен қаражатты әдеттен тыс жоғары мөлшерде аударту да бар.
“Екінші кең таралған алаяқтық – жалған қызметкерлерге ақша аудару. Құжаттар бойынша жалақы бірқатар адамға жіберіледі. Ал шындығында оны басқа тұлғалар кәдеге жаратып отырған. Мысалы, Қарағандының №33 балабақша кешен-мектебінде ондаған қызметкерге қаражат аударылғанымен жымысқы әрекетке сәйкес тиісті ақшаны екі есепші карталарына аударту арқылы иемденіп келген.
Үшінші заңсыз амал – бюджет қаражатын әдеттен тыс жоғары мөлшердегі сомамен аудартуды қайталау. Нақты айтсақ, Петропавл қаласының №42 орта мектебінің бас есепшісі мен информатика пәнінің мұғалімі 2023 жылы айына 3 реттен артық жалақы алып отырғаны анықталды”, – делінген хабарламада.
Еске салсақ, бұған дейін Түркістан облысында білім бөлімінің есепшілері 3 млрд теңгеге жуық қаржыны жымқырғаны туралы жазған едік.