Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда су шаруашылығы және ирригация университеті ашылды

Қазақстанда су шаруашылығы және ирригация университеті құрылмақ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Pixabay.com

Үкімет еліміздің су шаруашылығы саласына кадр даярлау шараларын қолға алып жатыр. Тараз қаласында жаңадан құрылған су шаруашылығы және ирригация университеті өз жұмысын бастайды. Тиісті қаулыға премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.

Биылғы сәуір айында президент жанындағы ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңесте мемлекет басшысы Тараз гидромелиоративтік-құрылыс институтын тиісті материалдық-техникалық қамтамасыз ету арқылы қалпына келтіру шараларын қабылдауды тапсырған еді.

Аталған міндетті іске асыру шеңберінде Үкімет "М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті" коммерциялық емес акционерлік қоғамын қайта құру және оның негізінде екі ЖОО — "М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті" коммерциялық емес акционерлік қоғамын және "Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті" коммерциялық емес акционерлік қоғамын құру туралы шешім қабылдады. Оқу орындары олардың жарғылық капиталдарына мемлекеттің жүз пайыз қатысуы арқылы құрылды.


"Су қоймаларының көбі жекенің қолында": Депутат Базарбек су тапшылығы басталғанын айтты


Осылайша, арнайы оқу орны су шаруашылығы мен ирригация жүйесі үшін жоғары білікті кадрларды тұрақты түрде даярлайды.

ҚазҰСШИУ-да "Су шаруашылығы және мелиорация", "Геодезия және картография", "Су шаруашылығындағы гидротехникалық құрылыс", "Сумен жабдықтаудың инженерлік жүйелері", "Су шаруашылығындағы инновациялық технологиялар" атты жаңа білім беру бағдарламалары енгізілмек.

2024 жылғы 1 қыркүйектен бастап жаңа ЖОО студенттер қабылдай алады деп жоспарланып отыр.

ҚазҰСШИУ-ға 2024-2025 жылдарға 245 орынға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысының нысаналы квотасы (бакалавриатқа – 210, магистратураға – 20, докторантураға – 15) бөлінді. 

Білім беру цикліндегі жалпы контингент саны – 4 000 білім алушы.

Еске салсақ, осыған дейін Қазақстандықтар су тапшылығына тап болып, енді елде су қымбаттауы мүмкін екенін жазғанбыз.

Талқылау