Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық блогерді "Dictator Mbappe" жазуы бар әскери формаға ұқсас киімі үшін әлем чемпионатына кіргізбеген

Мбаппе диктатор, блогер киімі
Фото: Желі кадрларынан скрин

Футболдан әлем чемпионатының Франция мен Испания арасындағы жартылай финалын көруге келген қазақстандық блогер Артур Асқарұлын стадионға кіргізбей тастады. Ол "Dictator Mbappe" жазуы бар әскери формаға ұқсас киіммен барған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Блогердің айтуынша, ол франциялық футболшы Килиан Мбаппені "диктатор" деп атайтын танымал мемді қолдағысы келген. Ол осылайша контент түсіріп, тікелей эфирден көрінуді жоспарлаған. Алайда кіреберісте күзет қызметі оны тоқтатқан.

"Мені Килиан Диктатордың костюмімен стадионға кіргізбеді. Көңіл күйім жақсы еді, бәрі суретке түсіп жатты. Қазір контент болады деп ойладым. Бірақ күзетшілер өткізбеді", – деді блогер.

Оның айтуынша, бірнеше күзетшімен сөйлескеннен кейін оған супервайзер шыққан. Қауіпсіздік қызметінің өкілдері оның мұндай киіммен стадионға кіре алмайтынын, себебі киімі әскери формаға ұқсайтынын, ал "Dictator Mbappe" жазуы саяси сипатта қабылдануы мүмкін екенін айтқан.

Блогер бұған дейін осы киіммен контент түсіріп үлгергенін және өз сөзімен айтқанда, "бүкіл әлемге хайп жасағанын" жеткізді. Сонымен қатар ол матчқа бәрібір кіретінін, бірақ костюмсіз баратынын мойындады. Артур ұйымдастырушылар ресми трансляцияда мұндай образдардың көрсетілуінен "әскери тақырыпқа" байланысты бас тартқан болуы мүмкін деген болжам айтты.

Оқиғадан кейін блогер тыйымдарға қатысты эмоциясын білдіріп, әлем чемпионатындағы ережелерді Қазақстандағы шектеулермен салыстырды.

"Осы ережелерден шаршадым, әркез болмайды дейді. Бізде Қазақстанда да “ештеңеге болмайды. Америкалықтар мен қазақтар сірә бір туған сияқты", – деді ол.

Гүлсезім Мұхатай
Сәрсенбі, 15 Шілде, 2026 18:09