Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Оралдағы колонияда қылмыстық топ сотталғандардан ақша жинап келген

түрме сотталушылар
Фото: magnific.com

Орал қаласында түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан алты адамға қатысты қылмыстық іс сотқа жолданды. Тергеу мәліметінше, олар түрме ішінде қылмыстық топ құрып, бірге отырған сотталғандардан заңсыз түрде "алым-салық” жинаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Мой город” порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Айыпталушыларға ұйымдасқан қылмыстық топ құру және оған жетекшілік ету, бопсалау, алаяқтық, өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу, құжаттарды қолдан жасау және денсаулыққа зиян келтіру сияқты бірнеше ауыр бап бойынша айып тағылған. Істі судья Райгүл Амангелдинова қарап жатыр.

Тергеу нұсқасы бойынша, айыпталушылардың бірі Қазақстандағы қылмыстық ортада ықпалы бар адам саналады және сотталғандар арасында беделді болған.

Ол 2015 жылы заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғаны үшін 16 жылға бас бостандығынан айырылған. Бұған дейін де бірнеше рет сотталғандықтан, қылмыстық ортадағы тәртіп пен сотталғандарға ықпал ету тәсілдерін жақсы меңгерген. 2023 жылы Оралдағы түзеу мекемесіне келгеннен кейін көп ұзамай өз тәртібін енгізген.

Тергеу мәліметінше, ол түрме ішінде "бақылаушы” жүйесін құрып, бағыну тәртібін белгілеп, сыбайластарының әрқайсысына міндеттер бөліп берген. Осылайша тұрақты ұйымдасқан қылмыстық топ құрған деп айыпталып отыр.

Сол жылы аталған түзеу мекемесіне жазасын өтеуге тағы бес сотталушы жеткізілген. Тергеу мәліметінше, топтың ұйымдастырушысы колонияда жайлы өмір сүру үшін өзіне тұрақты табыс тапқысы келіп, өзін "бақылаушы” етіп тағайындаған. Сондай-ақ өзіне жақын адамдар мен орындаушыларды белгілеген.

“Екі адам өндірістік аймақ пен сотталғандарға келетін сәлемдемелерді бақылауға жауапты "қараушы" болған. Тергеу нұсқасы бойынша, негізгі ақша айналымы дәл осы жерлерде жүрген”, – дейді прокурор Дина Изтлеуова.

Ал қалған үш айыпталушы орындаушы рөлін атқарып, топ басшысының барлық тапсырмасын бұлжытпай орындаған. Заңсыз жолмен түскен қаражат олардың туыстары мен басқа сотталғандардың атына рәсімделген банк карталарына аударылып отырған.

Тергеу дерегінше, айыпталушылар 2023-2025 жылдар аралығында жасалған тоғыз қылмысқа қатысы бар.

Алғашқы жәбірленуші колонияға жаңадан келген сотталушы болған. Қылмыстық топ оның анасының Оралда дүкені бар екенін біліп, осыны пайдаланып ақша бопсалаған. Олар ер адамды ақша бермесе ұрып-соғамыз, азаптаймыз деп қорқытқан. Қауіптенген жәбірленуші анасынан ақша сұрауға мәжбүр болып, анасы әртүрлі уақытта ұлына 1,5 миллион теңге аударған.

Бұдан бөлек, топ оны несиеге кондиционер мен iPhone 15 рәсімдеуге мәжбүрлеген. Кейін бұл техника арзан бағаға сатылып, түскен ақша қылмыстық топ мүшелеріне берілген. Тергеу мәліметінше, қысымға шыдамаған жәбірленуші бірнеше рет өзіне қол жұмсамақ болып, ақырында полицияға арыз жазған.

Тергеу мәліметінше, келесі құрбан – Ақтөбедегі үйін сатып, кейін колонияға түскен тағы бір сотталушы. Қылмыстық топ мүшелері оның ақшасы бар екенін біліп, бұл жолы басқа тәсіл қолданған. Олар ер адамға шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға көмектесеміз деп уәде беріп, 1,1 миллион теңге алған. Алайда мұнымен тоқтамай, одан әрі ақша талап етіп, өзі мен туыстарына күш қолданамыз деп қорқытқан. Айтқандарын дәлелдеу үшін оны ұрып-соққан. Соның салдарынан жәбірленушінің туыстары тағы да қомақты қаражат берген. Тергеу нұсқасы бойынша, оған келтірілген жалпы шығын 6 миллион теңгеге жеткен.

Кейін сотталушы прокуратураға шағым түсірген. Бірақ айыпталушылар оны арызын қайтарып алуға мәжбүрлеп, есесіне ШТМБ алып береміз деп сендірген. Тіпті оған шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы жалған сот қаулысын көрсеткен. Кейін құжаттың жалған екенін сезген ер адам қайтадан арыз жазған.

Қылмыстық топтың тағы бір құрбаны – өздері туралы ақпаратты құқық қорғау органдарына жеткізді деп күдіктенген сотталушылардың бірі.  
Сол себепті оны ұрып-соғып, 1 миллион теңге талап еткен.

Тергеу мәліметінше, қылмыстық топтың әрекетінен тек сотталғандар ғана емес, қарапайым қазақстандықтар да зардап шеккен. Айыпталушылар түрлі интернет-платформаларда жалған хабарландырулар жариялап, сеніп қалған азаматтарды алдап, миллиондаған теңге шығын келтірген.

Сондай-ақ бұл заңсыздықтарға жол берген түзеу мекемесінің қызметкерлері қазір онда жұмыс істемейді. Оларға қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

Айым Болатқызы
Сәрсенбі, 15 Шілде, 2026 20:19