Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Павлодарда алаяқтар зейнеткерлерді банкте тортты жаруға мәжбүрледі (видео)

банк зейнеткер жарылыс
Фото: Видеодан скрин

Павлодарда зейнкеткер ерлі-зайыпты телефон алаяқтарының айтқанын орындап, банк бөлімшесіне петарда салынған торт әкеліп, оны клиенттерге қызмет көрсету залында жарған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Оқиға сәті банктегі бейнебақылау камерасына түсіп қалған.

Кадрлардан ерлі-зайыптының банк бөлімшесінің клиенттерге қызмет көрсету залындағы үстелдің жанында тұрғаны көруге болады. Алдарында ішінде петардасы бар торт салынған пакет тұр. Бірде торт жарылып, өрт шыққан. Зейнеткер әйел бетін жауып, қасында тұрған жұмсақ орындыққа екпетінен құлады. Жарылыстың ұшқыны ер адамға да тиген.

Сондай-ақ видеодан жарылыстың салдарынан торт тұрған үстелдің зақымданғанын көруге болады. Еденде қан іздері де байқалады.

Павлодар облысы полиция департаментінің мәліметінше, 15 шілде күні сағат 16:00 шамасында полицияға банктердің бірінде пиротехникалық бұйымның жарылғаны туралы хабарлама түскен. Оқиға салдарынан егде жастағы ерлі-зайыпты жеңіл жарақат алған.

Полицейлердің айтуынша, зейнеткерлер телефон алаяқтарының құрбаны болған.

Зейнеткерлер бұған дейін жалған инвестициялық жобаларға ақша салып, алаяқтарға алданып қалған. Осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, дроппер ретінде әрекет еткен адамдар анықталып, жауапкершілікке тартылған. Сондай-ақ жәбірленушілердің ақшасын қайтару үшін сот тәртібімен тиісті шаралар қабылданып жатыр. Соған қарамастан алаяқтар зейнеткерлермен қайта байланысқа шыққан.

Полицияның мәліметінше, алаяқтар "бұрын салған ақшаңызды қайтарып береміз" деген сылтаумен психологиялық қысым жасап, зейнеткерлерді торт пен петарда сатып алуға көндірген. Кейін олардың нұсқауын орындаған ерлі-зайыпты торттың ішіне салынған петарданы тұтатқан.

Қазір осы дерек бойынша бірнеше қылмыстық іс қозғалып, күдіктілерді анықтап, ұстау үшін жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр. Ал зейнеткерлердің нақты қанша қаражаттан айырылғаны әзірге жарияланған жоқ.

Айым Болатқызы
Сәрсенбі, 15 Шілде, 2026 23:03