Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қонаев тұрғыны полицияны 19 мысығын заңсыз атып өлтірді деп айыптады

мысық өлтіру
Фото: Видеодан сркин

Нина есімді Қонаев қаласының тұрғыны полиция қызметкерлері өзін алдап бөлімшеге алып кетіп, пәтеріндегі 19 мысықты өлтірді деп шағымданды. Алматы облысы полиция басқармасы түсініктеме берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.  

Нинаның айтуынша, 2026 жылы 14 шілде күні жануарларды аулау қызметінің мамандары мен полиция қызметкерлері оның пәтеріне келіп, 19 мысықты ешқандай құжат көрсетпестен алып кеткен. Әйелдің сөзінше, орган қызметкерлері Нинаның көршісінің шағымынан кейін келген. Алайда жануарларды тәркілеуге қатысты ешқандай ресми құжат ұсынбаған. 

“Мен оларға мысықтарды берген жоқпын, қарсыласқаным үшін мені полиция учаскесіне алып кетті. Сөйтіп менсіз жануарларды аулап, 19 мысықты өлтірген. Үйде 17 жастағы қыз болған. Оқиғаның барлығы сол қыздың көз алдына болды. Ол мысықтардың жанайқайы шыққанын айтты. Үйге қайтып келгенде менің көзімше екі мысықты мөшекке салып жатты, мысықты бірі бүлдіріп қойды”, – деп жазды Нина әлеуметтік желіде. 

Оның айтуынша, бұл жағдайда соттың шешімі, тәркіленген жануарлардың толық тізімі болуы керек, сондай-ақ жануарлардың қай ұйымға тапсырылғаны туралы да ешқандай ақпарат берілмеген. Куәгерлердің сөзінше, мысықтарды ешқандай талап сақталмастан жай ғана қаптарға салып әкеткен. Ал Нина үйіне оралған кезде үйдің іші бүлініп жатқанын көрген.

"Мені жануарларды тәркілеуге кедергі келтірмеу үшін полиция бөлімшесіне алып кетті. Себебі мен оларды өз еркіммен бермедім. Бұл – менің жеке аумағым, бұл – менің жануарларым. Мені алдап-арбап ұстап алып, полиция бөлімшесіне алып кетті. Тіпті аяқ киімімді де киюге мүмкіндік бермеді. Үйге келсем жан-жақтың бәрі қан-жоса”, – дейді автор.

Stan.kz редакциясы Алматы облысы полиция департаментіне ресми сұрау салды. Ведомство мысықтарды өлтіру туралы ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.

“Көпқабатты үй тұрғындарынан көршісінің үй жануарларын ұстау тәртібін бұзып жатқаны туралы шағым түсті. Тексеру барысында 43 жастағы тұрғынның пәтерінде 27 үй мысығы болғаны анықталды. Көршілердің айтуынша, мысықтардың көптігінен пәтерде антисанитариялық жағдай қалыптасып, жағымсыз иіс шыққан. Соның салдарынан тұрғындар бірнеше рет шағымданған. Бұл жағдай тұрғындардың санитариялық қауіпсіздігіне де қауіп төндіруі мүмкін. 19 мысық жануарларды аулау және уақытша ұстаумен айналысатын арнайы қызметке тапсырылды. Тексеру қорытындысы бойынша полиция қызметкерлері әйелді әкімшілік жауапкершілікке тартты”, – деп мәлімдеді полиция.

Сондай-ақ департаменттегілер материал заңнамада белгіленген тәртіппен қаралғанын атап өтті. 

Ведомствоның мәліметінше, пәтерге қатысты көршілерден осындай шағымдар 2025 жылы да түскен. Сонымен қатар әкімшілік материалды рәсімдеу барысында заң бұзушылықтарға жол берілуі мүмкін деген дерекке байланысты лауазымды тұлғаның әрекетіне қатысты қызметтік тексеру тағайындалды дее сендірді полиция.

Айым Болатқызы
Сәрсенбі, 15 Шілде, 2026 18:24