Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бала кезінде жоғалған әйел туған отбасынан 100 метр жерде өмір сүрген

Цуй Ниннің анасымен қауышқан сәті
Фото: Weibo

Қытайда бала кезінде жоғалып кеткен 37 жастағы әйел көп жылдан кейін өзінің туған ата-анасының үйінен небәрі 100 метр жерде тұрғанын білді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Mothership-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Цуй Нин есімді әйел 1991 жылы Қытайдың Наньнин қаласындағы базарда жоғалып кеткен. Ол кезде қыз небәрі екі жаста болған. Отбасы сол маңда пәтер жалдап тұрған, ал әкесі базарда азық-түлік сатқан.

Жоғалған күні әкесі қызына аздап ақша беріп, жақын маңдағы дүкеннен тоқаш алып келуді сұраған. Алайда кішкентай қыз адасып кетіп, көшенің арғы бетіне өтіп, үлкен көтерме базарға барып қалған. Сол жерде оны саудагер әйел байқап қалады.

Саудагер баланың адасып кеткенін түсініп, дауыс зорайтқыш арқылы ата-анасын іздеп хабарландыру жасатқан. Бірақ ешкім келмеген. Кейін ол қызды өзімен бірге алып кетіп, өз баласындай тәрбиелеген.

Бір қызығы, Цуй Ниннің туған ата-анасы сол кезде бірнеше жыл бойы Наньнинде қалып, дәл сол базарда жұмыс істеп, көрші көшеде тұрған. Яғни қыз туған отбасынан небәрі 100 метр жерде өмір сүрген.

Цуйдің әкесі өмірінің соңына дейін қызын іздеумен өткен. Өкінішке қарай, ол бірнеше жыл бұрын дүниеден озған.

Кейін Цуй Нин асырап алған отбасымен бірге басқа қалаға көшіп кеткен. Туғандарын табу оған тек жақында ғана мүмкін болды. 7 шілдеде ол жоғалған туыстарды іздеуге арналған арнайы сервиске тіркелген. Бірнеше сағаттан кейін онымен туған әпкесі байланысқа шыққан.

Артынша әйелдер ДНҚ-тест тапсырып, олардың шынымен туыс екені расталды. Осылайша Цуй Нин 30 жылдан астам уақыттан кейін туған әпкесімен және анасымен қайта қауышты.

Балнұр Рахматуллақызы
Сәрсенбі, 15 Шілде, 2026 17:13