Көршінің қарызы үшін алматылықтар жарықсыз қалмайды: Жүйе қалай жұмыс істейді

"Алатау Жарық Компаниясы" АҚ Алматыда көпқабатты тұрғын үйлерде электр энергиясын жаппай өшірмей, тек қарызы бар пәтер иелерінің жарығын өшіруді жоспарлап отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ол үшін компания электр энергиясына төлем жасауға арналған жеке есепшоттар ашып, тұрғындармен тікелей есеп айырысу жүйесіне көшуді ұсынды. Бұл жағдайда жарық тек нақты қарызы бар тұтынушыға ғана өшіріледі.
“Қосымша келісім жасау арқылы тұрмыстық тұтынушыларға жеке дербес шот ашылып, тұтынылған электр энергиясы үшін тікелей есеп айырыса алады. Соның нәтижесінде электр қуатын шектеу басқа тұрғындарға әсер етпей, тек берешегі бар азаматтарға ғана қолданылады”, – деп мәлімдеді компания.
Компания өкілдерінің айтуынша, жаңа тетік жарық ақысын уақытында төлейтін тұрғындардың көршілерінің қарызы үшін жарықсыз қалмас үшін іске қосылмақ.
Бұл жүйеде бір ерекшелік бар
Егер қарыз ортақ пайдаланылатын электр энергиясына, яғни кіреберістерді, ауланы жарықтандыруға, лифтілердің жұмысына және басқа да ортақ мүлікті электрмен қамтамасыз етуге қатысты болса, онда тек борышкерлерді ғана жарықтан ажырату техникалық тұрғыдан мүмкін емес. Мұндай жағдайда Мүлік иелері бірлестігі, пәтер иелерінің кооперативі немесе басқарушы компания қарызды өтемесе, бүкіл тұрғын үй кешені жарықсыз қалуы мүмкін.
Сонымен қатар Мүлік иелері бірлестігі, пәтер иелерінің кооперативі немесе басқарушы компания бұрынғыдай:
- Үй ішіндегі электр желілерінің жағдайына;
- Есептегіш құралдарының көрсеткіштерін уақытылы тапсыруға;
- Жалпыүйлік және пәтерлік есептегіштердің көрсеткіштері арасындағы айырмашылық үшін төлем жасауға;
- Кіреберістегі, лифтідегі, ауладағы және басқа да ортақ пайдаланылатын орындардағы электр энергиясына жауапты болып қала береді.
"Алатау Жарық Компаниясы" тұрғын үй саласындағы Мүлік иелері бірлестігі, пәтер иелерінің кооперативі немесе басқарушы компаниялар мен өзге де қатысушыларды қажетті келісімшарттарды уақытылы рәсімдеуге және ашық әрі сындарлы диалог жүргізуге шақырды. Компанияның айтуынша, бірлескен жұмыс қала тұрғындарын сенімді, қауіпсіз және үздіксіз электрмен қамтамасыз етіп, қарызы жоқ тұрғындардың мүддесін қорғауға мүмкіндік береді.
Еске салайық, Алматыда 13-17 шілде аралығында күн сайын сағат 09:00-ден 17:00-ге дейін жарық өшіріледі. Компанияның мәліметінше, бұған тұрғын үйлердің электр желілерінде жүргізілетін жоспарлы жөндеу жұмыстары себеп.
Осы уақыт аралығында жарық тек пәтерлер мен жеке үйлерде ғана емес, жөндеу жұмыстары жүргізілетін аумақта орналасқан балабақшаларда, мектептерде және мемлекеттік мекемелерде де болмайды.
"Алатау Жарық Компаниясы" электр қуаты өшірілетін көшелер мен мекенжайлардың толық тізімі компанияның ресми сайтында жарияланғанын еске салды. Сол жерден нақты үйдің жарықсыз қалатынын тексеруге болады.
Осыған ұқсас жағдай Астанада да байқалады. Елордадағы бірқатар көшеде 18 тамыз күні электр энергиясы уақытша өшіріледі.
Қазақстандық әйел липосакция жасатамын деп өлім аузынан қалды: Оған отаны мейіргер жасаған
Оқыңыз