Қазақстанда ұшақ билеті қымбаттаған
Қазақстанда әуе компаниялары қызметінің құны бір жылда 18%-ға өскен. Ең жоғарғы баға өсімі биыл Шығыс Қазақстан облысында тіркелді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Finprom.kz басылымына сілтеме жасап.
Ақпан айының нәтижесі бойынша ұшақ билеттерінің бағасы Шығыс Қазақстан облысында бірден 45,7%-ға, Маңғыстау облысында 43,2%-ға, Түркістан облысында 34,8%-ға өскен.
Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында баға өзгеріссіз қалған. Ал Павлодар мен Жамбыл облыстарында билет 14,2% және 22,2%-ға арзандаған екен.
"2022 жылдың ақпан айының нәтижесі бойынша Қазақстанда әуе жолаушылар транспорты қызметі 1 жылда 17,7%-ға қымбаттаған", – делінген хабарламада.
Сонымен қатар Ресейге салынған санкциялар салдарынан Қазақстан әуе тасымалы мен логистика саласына өзгеріс енуі мүмкін.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметіне сүйенсек, әуе кеңістігінің жабылуына байланысты Қара теңіз аумағындағы ұшақтардың бір бөлігі Қазақстан аумағы арқылы ұшып өтеді.
Ведомстводағылар еліміздің аэронавигациялық жүйесі қосымша әуе қозғалысын ешқандай шектеусіз қабылдауға мүмкіндік беретінін қосып өтті.
Айта кетейік, Еуроодақтан кейін АҚШ әуе кеңістігін Ресей ұшақтары үшін жапқан еді. Бұл туралы ел президенті Джо Байден мәлімдеген.