Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда бірыңғай уақыт белдеуін енгізу туралы шешім қабылданды: Қай қаланың тұрғындары сағат тілін өзгертеді

Қазақстан үкіметі бірыңғай уақыт белдеуін белгілеу жайлы қаулыны қабылдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: pixabay.com

Сауда және интеграция министрлігінің хабарлауынша, "Қазақстан Республикасының аумағында уақытты есептеу тәртібі туралы" үкімет қаулысына өзгерістер енгізіледі. 

"Өзгерістерге сәйкес, 2024 жылғы 1 наурызда сағат 00:00-ден бастап елдің бүкіл аумағында бірыңғай уақыт белдеуі орнатылады. Осылайша, Қазақстанның бүкіл аумағына 5-уақыт белдеуі (UTC+5) қолданылады.

"Қазақстан Республикасының аумағындағы уақытты есептеу тәртібі туралы" үкіметтің 2000 жылғы 23 қарашадағы №1749 қаулысына енгізілген өзгертулерге сәйкес, "Астана мен Алматының әкімдіктері, Шымкент, Ақмола, Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстарында және Абай, Жетісу, Ұлытау облыстарында 2024 жылғы 29 ақпаннан 1 наурызға қараған түні (сағат 00:00-де) жергілікті уақытты 1 сағат артқа қою керек", – делінген хабарламада.



Қазір Қазақстанда UTC+5 және UTC+6 екі уақыт белдеуі бар. Ел аумағының көп бөлігі (батыс облыстарды қоспағанда) UTC+6 аймағында орналасқан.

Айта кетейік, бұған дейін “Аманат" партиясы фракциясының мүшесі Еркін Әбіл Қазақстан аумағында бірыңғай сағат белдеуін енгізу туралы ұсыныс айтқан еді. 29 ақпаннан 1 наурызға қараған түні Қазақстан аумағында бірыңғай сағат белдеуін енгізу ұсынылған еді. Мамандар мұның денсаулыққа пайдасын айтты.

Талқылау