Қазақстанда сұйытылған газдың бағасы өспейді - Энергетика министрлігі
Қазақстанда сұйытылған мұнай газының бөлшек сауда бағалары көтерілмейді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
1 шілдеде ҚР Энергетика министрлігінің сұйытылған мұнай газының шекті көтерме сауда бағасын 1 тоннасына 33 600 теңге деңгейінде бекіту туралы бұйрығы күшіне енеді. Бұл 1 литрге шаққанда 19,7 теңгені құрайды, жыл басынан бастап көтерме сауда бағасы – 1 тонна үшін 28 000 теңгені (16 тг./ литр) құрады.
"Сұйытылған газға көтерме сауда бағаларын 20% - ға арттыру (3,7 тг./ л.) бірінші кезекте зауыттардың сұйытылған газ өндірісін қолдауға бағытталған. Бұл шара сұйытылған газды өндірушілер мен өткізушілер арасында кірістерді ішінара әділ бөлуді қамтамасыз етуге және зауыттарды сұйытылған газ өндіруге ынталандыруға мүмкіндік береді, өйткені ағымдағы көтерме сауда бағасы 1 тонна үшін 28 000 теңге болған кезде пайданың негізгі үлесі сұйытылған газды бөлшек саудада өткізумен айналысатын нарық субъектілерінде қалады, ал өндіруші зауыттар шығынмен жұмыс істейді.
Бұл ретте қазіргі уақытта ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі шекті бөлшек сауда бағаларын мемлекеттік реттеу мерзімдерін ұзарту бойынша жұмыстарды жүргізіп жатқанын, оған сәйкес соңғы тұтынушылар үшін сұйытылған мұнай газы бөлшек сауда бағалары көтерілмейді және бұрынғы деңгейде қалатынын хабарлаймыз", – делінген министрлік хабарламасында.