Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда мемлекет 50 пайызын беретін жалдамалы пәтердің бір шаршы метр құны қанша болатыны белгіленді

Мемлекет 50 пайызын төлеп беретін жалдамалы пәтерлердің бір шаршы метр құны белгіленді. Яғни Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында 2759 теңге, Шымкент бойынша 2142 теңгені құрайды. Сәуірде ғана бастау алған бағдарламаға сәйкес бұл мүмкіндікті көпбалалы отбасылар мен жетімдер санатындағы азаматтар пайдалана алады. Әзірге ең көп өтініш Түркістан облысынан келіп түскен. Әлеуметтік жағдайы төмен көп балалы отбасылар мен жетімдер санатындағы азаматтарға мемлекет субсидиясы есебінен тең жартысы төленетін жалдамалы пәтер беру науқанының басталғанына тура үш ай болыпты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро жаңалықтар қызметіне сілтеме беріп хабарлайды.

Бүгінде арендалық пәтердің шаршы метрінің құны белгіленді. Сондай-ақ, баспанада тұратын әр адам басына қанша шаршы метр тиесілі екендігі анықталды.

“40 шаршы метрлік пәтерді ғана ала алады. 4-5 адам — 60 шаршы метр. 6 адамнан асатын болса 80 шаршы метр. Максималды 80 шаршы метр. Оны жалдап тұру құны орташа есеппен 220 мың теңгеден аспайды. Сонда 50 пайызы 110 мың теңге қалтасынан шығады. Егер бұл сомадан асып кетсе, артық қаражатты жалдап жатқан адам өз қалтасынан қосады”, – дейді  "Отбасы банк" АҚ Бизнесті дамыту басқармасының басшысы Марина Орынбаева.

Қазынадан 50 миллиард теңге бөлінген бұл бағдарламаның қанша уақыт жұмыс істейтіні белгісіз. Десе де тәуелсіз сарапшылар халықты тұрғын үймен қамту мәселесін шешуде бұл тетіктің әлсіз екендігін айтады. Онсыз да, Ұлттық Қорға салмақ түскен ауыр шақта, бағдарлама өміршең болмауы мүмкін.



“Бұл енді былай қарағанда жүйелі проблеманы шешпейді, әрине. Бұл дәл қазір ғана адамдардың басына түскен проблеманы шешуге көмектесуге мүмкіндік береді. Бұны халықтың әл-ауқатын жақсарғанша ғана пайдалануға болады. Негізгі проблема халықтың табысын арттыру. Әрине қазірге бұл уақытша көмегін созып жатыр”, – дейді тәуелсіз сарапшы Айбар Олжай.

Ай сайын арендалық пәтерді төлейтін ақы, баспананы жалдаушының шотына түсіп тұрады. Өзінің 50 пайызын қосып, пәтер иесіне аударады. Дәл қазір бұл жүйенің шарапатын 77 отбасы көруде. Айта кетейік, арендалық пәтерді алу үшін өтініш берушінің соңғы алты айдағы күнкөріс деңгейі қаралады. Мемлекеттен алынатын жәрдемақы мен әлеуметтік төлемақы есептеледі. Қазір осы тармақты алып тастау ұсынысын жоғары мінбердегілер қарау үстінде.

Талқылау