Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда мектептерге кейбір пәндерді онлайн форматта өткізуге рұқсат беріледі

Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова мектептерге кейбір пәндерді қашықтық форматта өткізуге рұқсат берілетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Вице-министрдің айтуынша, осы оқу жылында 7 мыңнан астам мектеп шамамен 3,6 млн оқушыны, оның ішінде 380 мыңға жуық бірінші сынып оқушысын қабылдайды.

“Штаттық режимде оқуды бастау үшін білім және ғылым министрлігі мектептер жүктемесіне үлкен талдау жүргізді. Ұлттық білім беру деректер қорының деректері бойынша мектептердің 95 пайызының жобалық қуаты мен оқушылар саны барлық санитариялық талаптарды сақтай отырып, оқуды толық штаттық форматта бастауға мүмкіндік береді. Мұндай мектептерде оқушылардың 81 пайызы білім алады", - деді ол. 

Бұдан бөлек, вице-министрдің атап өтуінше, мектептерге кейбір пәндерді қашықтық форматта өткізуге рұқсат беріледі.

"Оқушы орындарының тапшылығы, 3 ауысымдылығы бар 300-ден аса мектеп бар. Бұл жалпы мектептердің 5 пайызын құрайды. Мұндай мектептерде оқушылардың 19 пайызы білім алады деп жоспарланып отыр. Осы мектептер қосымша іс-шаралар арқылы, оның ішінде кейбір пәндерді қашықтан оқыта отырып, оқу икемді кесте бойынша штаттық түрде жүргізіледі. Ауысымдар мен кіші ауысымдар ұйымдастырылады.

Негізгі пәндер бұл мектептерде штаттық форматта оқытылады. Бүгінгі күні бас мемлекеттік санитар дәрігердің қаулысы қабылданды. Байланыста болған балалар үшін оқшаулау кезеңіне синхронды қашықтан оқыту ұйымдастырылады. Ата-аналардың өтініштері негізінде созылмалы науқастары бар балаларға медициналық ұйым анықтамалары негізінде асинхронды қашықтықтан оқыту ұсынылады. Бұл оқушылар оқулықтармен, оқыту контенті бар ақпараттық жүйемен, электрондық журналмен қамтылады. Жиынтық бақылау жұмыстарын олар мектепте тапсырады. Сабақтардың ұзақтығы 45 минутты құрайды", - дейді Каринова. 

Талқылау