Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық көпбалалы аналар 8 наурызға орай қанша төлем алатыны белгілі болды

Елімізде 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай көпбалалы аналарға әкімдік тарапынан біржолғы қаржылық көмек тағайындалады. Ал кей өңірлерде мүмкіндігі шектеулі жандар мен ардаргерлерге де көмек қоры қарастырылған. Жергілікті әкімдіктерде берілетін сома көлемі әртүрлі болмақ. Алайда кей қалаларда биыл біржолғы төлем бюджеттен мүлдем қарастырылмаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Коллаж Stan.kz

Әкімдік дерегінше, қаражат жергілікті бюджеттен бөлінеді екен. Сондықтан әр аймақтағы төлем сомалары да әр алуан. Мысалы, бас қала Астанада көпбалалы аналарға 9 000 теңгеден сәл артық ақша ғана берілгелі отыр. 

“8 наурыз Халықаралық әйелдер күніне орай елордада 34 мыңға жуық көпбалалы ана біржолғы әлеуметтік төлем алады”, – деп хабарлайды әкімдік.

Елорданың жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы 2023 жылғы 3 қазандағы №84/10-VIII жергілікті бюджеттен қала мәслихатымен бекітілген Астана қаласында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидасына сәйкес, 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай Астана қаласының көпбалалы отбасыларына, көпбалалы аналарға, оның ішінде аз қамтылған аналар – 34 мыңға жуық азаматшаға 2,5 АЕК (9230 теңге) мөлшерінде біржолғы әлеуметтік көмек төленеді.

Айта кетері, Шымкентте бұл сома екі есе – 18 460 теңге. Шаһарда 2019 жылдан бері қала мәслихатының 29 наурыздағы шешімі негізінде Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы тарапынан "Алтын алқа", "Күміс алқа" иегерлеріне жыл сайын бір реттік әлеуметтік көмек төленеді.

Қазір оңтүстік шаһарда 64 134 көпбалалы ана бар. Оның ішінде 12 608 ана "Алтын алқа", "Күміс алқа" иегері атанған.  

Мереке мен атаулы күндерге арналған бір реттік көмек жергілікті бюджеттен жоғарыда аталған санаттағы аналарға 5 АЕК мөлшерінде төленеді. Осылайша, Шымкентте 12 608 ана бір реттік қаржылай көмек алады.

Ал Түркістан облысында мерекеге орай өңір бойынша ақпан-наурыз айларында 14 ауданға төлемақы берілмек. Тізімге Бәйдібек, Қазығұрт, Мақтаарал, Ордабасы, Отырар, Сайрам, Сарыағаш, Сауран, Созақ, Түлкібас, Шардара, аудандары және Арыс, Кентау, Түркістан қалалары кіріп отыр.

Жергілікті бюджет есебінен 2-3 АЕК мөлшерінде 42 250 көпбалалы анаға, 352,4 миллион теңгеге ("Алтын алқа", "Күміс алқа", "Батыр ана", 1-2 дәрежелі Ана Даңқы орденімен марапатталған аналар) 1 реттік әлеуметтік төлем жоспарланып отыр. Айта кетейік, 2024 жылғы есеп бойынша 1АЕК – 3 692 теңге болып белгіленген.

Ұлытау облысында – 20 000 теңге. Өңірде бүл мерекеге орай 165 миллион теңге бөлініпті. 

Дәл мұндай соманы Қарағанды қаласының көпбалалы аналары алмақ. Әйелдердің жалпы саны – 8 мың.

Ал Ақмола облысында аналардың мәртебесіне қарай 7 мыңнан 18 мың теңгеге дейін біржолғы төлем тағайындалған.

Шығыс Қазақстанда ең көп сома 12 мың теңгеге жуықтайды. Бірақ төлем алушылардың көп екенін айта кеткен жөн. Шығысқазақстандық әйелдердің саны шамамен – 12 мың. 

Десе де төлемдер Алматы, Қостанай және Ақтөбеде қарастырылмаған. Әйелдердің халықаралық күні жылына бір рет атап өтіледі. Қоғам қайраткерлерінің айтуынша, төлемдер бірыңғай және бәріне бірдей берілуі қажет.



Халықаралық әйелдер күніне орай алты баланың анасы Шолпан Құлбаева әкімдіктен сыйлық алды. Оның шотына 18,5 мың теңге көлемінде біржолғы төлем түсті. 

Көпбалалы ана Шолпан Құлбаева әкімдіктің бұл сыйлығына ризалығын айтты.

"Бұл – өте жағымды сыйлық. Бізді жыл сайын мерекемен құттықтайды. Бұл сыйлыққа бірінші өзімді қуантып, кейін жақындарыма ақша жұмсаймын деп ойлап отырмын", – деді Шолпан Құлбаева.

Республикалық әйелдер кеңесі филиалының төрағасы Баян Жандосованың пікірінше, төлемдер бірыңғай және бәріне бірдей берілуі қажет.

"Әрбір көпбалалы ана – біздің Қазақстанның халық санын көбейткен ана. Ол денсаулық пен тәрбиеге жауапты адам. Менің ойымша, барлық әйелге бір уақытта кем дегенде 30 000 теңге беру керек деп ойлаймын", – деді қоғам қайраткері Баян Жандосова.

Талқылау