Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда электр желілеріне заңсыз қосылған майнерлер анықталды

Қазақстанның Энергетика министрлігі майнинг фермаларына тиесілі компаниялардың бірінің электр энергиясына заңсыз қосылғанын әшкереледі, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

"Электр энергиясын қосудың аталған фактісіне "КЕGОС" АҚ филиалы – "Ақмолалық магистральдық желілер" жол берген. Майнинг фермалары тарапынан электр энергиясын қосу және тұтыну кернеуі 500 киловольт жоғары вольтты қосалқы станциядан жүзеге асырылған", - делінген министрлік мәлімдемесінде.

Майнинг өнеркәсібі цифрлық даму саласындағы уәкілетті органдарға өз қызметі туралы хабардар етпей жұмыс істегені баса айтылған.

"Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті "КЕGОС" АҚ-на қатысты бақылау шараларын қабылдауда", - деп қосты Энергетика министрлігі.

Сондай-ақ министрлік "сұр майнерлер" шаруашылықтарын электр желілеріне қосуға жол берілмейтінін және заңға сәйкес әрбір факті бойынша жауап беру шаралары қабылданып, тиісті жаза қолданылатынын еске салды.



Энергетика министрлігі мемлекеттік органдармен және энергетикалық кәсіпорындармен бірлесіп Қазақстан заңнамасын бұзатын "сұр майнерлерді" анықтау және электр желілерінен ажырату жұмыстарын жалғастыруда.

Естеріңізге сала кетейік, қазан айында қазақстандық электр желілері KEGOC компаниясы электр станцияларындағы апаттар мен майнерлердің  электр энергиясын тұтынуының күрт артуы Қазақстанда электр қуатының тапшылығына әкелгенін хабарлаған болатын. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "сұр майнерлерді" анықтауды тездетуді тапсырған.

Осыған байланысты күзде Қазақстанның бірнеше өңірінде электр энергиясын жеткізуге шектеулер енгізілген еді.

Талқылау