Қазақстанда енді баласының көзінше темекі шегіп, ішімдік ішкен ата-аналарға айыппұл салынады
Фото: istockphoto.com
Қазақстанда енді баласының көзінше темекі шегіп, ішімдік ішкен ата-аналарға айыппұл салынады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Zakon.kz басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Мемлекет отбасы тәрбиесіне қатысты ережелерді өзгертті, енді ата-аналардың жеке әдеттері бақылауға алынатын болды.
Бұрын мемлекет отбасылық істерге аз араласуға тырысқандықтан, ата-аналар балаларды тәрбиелеу және жеке әдеттеріне қатысты кең еркіндікке ие еді. Алайда Қазақстан заңнамасындағы соңғы өзгерістер кәмелетке толмаған балалардың көзінше ата-аналардың мінез-құлқына айтарлықтай шектеу қойды. Заңда баланың құқықтарын қорғауға және салауатты өмір салтын насихаттауға ерекше мән берілген. Енді Қазақстанда кәмелетке толмаған балалардың көзінше алкоголь немесе темекі тұтыну ата-ананың міндетін орындамау деп танылып, әкімшілік жауапкершілікке әкеледі.
Сондай-ақ 2024 жылдың 16 маусымынан бастап Қазақстанда балаларға физикалық жаза қолдануға толықтай тыйым салынды. Бұрын ата-ананың “дәстүрлі тәрбиесі” ретінде қабылданатын “белбеумен немесе аяқ-киіммен ұру” сияқты әрекеттер енді қылмыстық кодекстің 109-1 бабымен тергеуге жатқызылады.
Жауапкершілік тек физикалық зорлық-зомбылық үшін ғана емес, ата-ананың баланың көзінше жасаған ерсі әрекеттері үшін де қарастырылған.
Заңға сәйкес, балалардың көзінше темекі тарту немесе ішімдік ішу ата-ананың өз міндеттерін орындамауы болып есептеледі. Мұндай әрекеттер әкiмшiлiк құқық бұзушылық кодексінің "кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу және оған білім беру, оның құқықтарын және мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді, қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шараларды орындамау" бабы жауапкершілікке әкеледі.
Аталған құқықбұзушылықтар үшін:
- Бірінші рет – 10 АЕК көлемінде айыппұл.
- Бір жыл ішінде екінші рет – 15 АЕК айыппұл немесе 5 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу.
- Егер бала үлкендердің бастамасымен ішімдік іше бастаған болса – 20 АЕК айыппұл немесе 10 тәулікке дейін қамау сияқты шаралар қарастырылған.
Осылайша, заң ата-аналарға жауапкершілік жүктей отырып, олардың балалардың көзінше әрекет ету еркіндігін шектейді.
Заңгерлер 16 жасқа дейінгі жасөспірімдер әкімшілік жауапкершілікке тартылмайтынын, ал олардың құқықбұзушылықтары үшін айыппұлды ата-аналары төлейтінін негізге алады. Сондықтан мемлекет ересектерден балалардың мінез-құлқын да, өз әдеттерін де өздері қадағалап, қауіпсіз әрі салауатты тәрбие ортасын қалыптастыруды талап етеді.
Еске салсақ, бұған дейін Қостанайда баласын белдікпен ұрып тәрбиелемек болған анаға 390 мың теңгеден аса айыппұл салынғаны туралы жазған едік.
"Түрмеде отырған баламды тағы 9 жылға соттап жіберді": Түркістандық ата-ана баласына жазықсыз жала жабылғанын айтып, Тоқаевтан араша сұрады