Қазақстанның 8 қаласында ауа қатты ластанған
Еліміздің 8 қаласында ауа қатты ластанған. Бұл туралы Экологиялық реттеу және бақылау комитеті төрағасының міндетін атқарушы Айдар Абдуалиев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Экологиялық мониторинг қорытындысы бойынша 8 қалада ауаның ластануы жоғары деңгейге жатқызылды. Олар – Астана, Алматы, Қарағанды, Теміртау, Атырау, Ақтөбе, Балқаш және Өскемен", - деді Айдар Абдуалиев.
Оның сөзінше, ауаның ластану себептерін үш санатқа бөлуге болады. Мысалы Алматы және Астана қалаларында ластанудың негізгі көзі – жылу көздері мен автокөліктер, жеке сектор.
Ал Өскемен және Теміртау қалаларында эмиссиялардың ең көп көлемі өнеркәсіпке тиесілі.
Сондай-ақ Ақтөбе және Атырау қалаларында ескірген кәріз-тазарту құрылыстары жоғары ластануға себеп болып отыр.
Өңірлердің экологиялық проблемаларын шешуге бағытталған жол картасы аясында 2025 жылға бірқатар көрсеткішке қол жеткізу жоспарланған.
"8 қалада атмосфераның ластану индексін жоғары деңгейден орташа деңгейге дейін төмендету, 7 жаңа кәріз-тазарту құрылғысын салып, 12 ескі кәріз-тазарту құрылғысын жаңарту, 24 жаңа полигон салып, толып жатқан 5 полигонды қалпына келтіру және жою көзделген", - деді Айдар Абдуалиев.