Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қазақстанда 4 және 5 балалы отбасылар жәрдемақыдан қағылады": Министрлік желідегі ақпаратқа пікір білдірді

көпбалалы отбасылар жәрдемақыдан қағылмайды

Фото: Stan.kz

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі 6-дан аз баласы бар көпбалалы отбасылар мемлекеттік жәрдемақыдан айырылуы мүмкін деген ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

“Бірқатар БАҚ, ақпараттық топтар мен әлеуметтік желі парақшаларында қолданыстағы заңнамаға сәйкес, 6 және одан да көпбалалы отбасылар ғана көпбалалы отбасы болып саналады деген жалған ақпараттар тарады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қолданыстағы заңнамаға сәйкес, 4 және одан да көп кәмелетке толмаған балалары немесе бірге тұратын 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студенттері бар отбасына көпбалалы отбасы мәртебесі берілетінін хабарлайды”, – делінген хабарламада.

Мұндай отбасыларға табысына қарамастан ай сайынғы жәрдемақы төленеді. Көпбалалы отбасыларға төленетін төлемдердің мөлшері балалардың санына байланысты сараланады және 2025 жылы:

- 4 балаға – 16,03 АЕК немесе 63 030 теңге;

- 5 балаға – 20,04 АЕК немесе 78 798 теңге;

- 6 балаға – 24,05 АЕК немесе 94 565 теңге;

- 7 балаға – 28,06 АЕК немесе 110 332 теңге;

- 8 және одан да көп балаға – 4 АЕК немесе әр балаға 15 728 теңге төленеді.

Сондай-ақ 6 және одан да көп бала туып, тәрбиелеген, “Күміс алқа”, “Алтын алқа” иегерлері немесе бұрын “Батыр ана” атағын алған, I және II дәрежелі “Ана даңқы” ордендерімен наградталған аналарға мынадай мөлшерде ай сайынғы жәрдемақы төленеді:

  • “Күміс алқа” алқасымен марапатталған – 6,40 АЕК немесе 25 165 теңге;
  • “Алтын алқа” алқасымен марапатталған немесе бұрын “Батыр ана” атағын алған, I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен марапатталғандар – 7,40 АЕК немесе 29 097 теңге.

Ведомство азаматтарды тек ресми ақпарат көздерінен алынған ақпаратқа сенуге шақырды.

Айым Болатқызы
Бейсенбі, 17 Шілде, 2025 08:55
Талқылау