Қазақстанда 20 қазаннан бастап карантин жеңілдейді
Денсаулық сақтау министрі Алесей Цой Үкімет отырысында 20 қазаннан бастап Қазақстанда карантин шаралары жеңілдейтінін айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтануын, сондай-ақ ведомствоаралық комиссияның вакцинацияға жататын контингенттің 70%-дан астамын екпемен қамтығанын ескере отырып, 2021 жылғы 20 қазаннан бастап мынадай шараларға рұқсат беру туралы шешім қабылданды:
Келушілер COVID-19-ға қарсы вакцинациялаудың толық курсын алғаны туралы құжатты немесе ПТР анықтамасын ұсынған кезде қарттар мен мүгедектер үйі, балалар үйі сияқты медициналық-әлеуметтік объектілердің пациенттеріне баруға рұқсат беріледі.
Сондай-ақ түнгі клубтардың қызметі тек "жасыл" мәртебесі бар адамдар үшін жұмыс істейді.
Олардың толымдылығы 50%-ға дейін:
- "жасыл аймақта" 100 адамнан артық емес
- "сары аймақта" 70 адамнан артық емес
- "қызыл аймақта" 50 адамнан артық емес болуы шарт.
“Ashyq жобасына қатысатын бизнес объектілерінің жұмыс уақыты "жасыл аймақта" сағат 03.00-ге дейін, Ashyq жобасының көшбасшылары – сағат 05.00-ге дейін, "сары аймақта" сағат 01.00-ге дейін, Ashyq жобасының көшбасшылары – сағат 03.00-ге дейін ұзартылады", – деді министр.
Бұған дейін Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Қазақстанда қайта вакциналау қараша айының соңында басталатынын, кімдерге қандай екпе салынатынын түсіндіріп берген болатын.