"Қазақстан Ресей мен Украина арасындағы келіссөздер үшін алаң беруге дайын" – Дәурен Абаев
Қазақстанның Ресейдегі елшісі Дәурен Абаев Украина мен Ресей арасындағы шиеленісті шешу үшін Қазақстан тарапы келіссөзге арналған алаң беруге дайын екенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ТАСС басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: nalogikz.kz
Абаев әлемге әсер ететін барлық процестерге Қазақстанның дайын екенін айтты.
"Бұл тек Ресей мен Украина емес, Армения мен Әзірбайжан, Сирия мәселесінде, Иран мәселесінде. Бәлкім, делдал боламыз деп қатты айтылған шығар, бірақ біз платформа беруге, қандай да бір жағдай жасауға дайынбыз", – деді ол
Абаев Украинадағы қақтығысты реттеу бойынша түрлі бастамалар барын жеткізді.
"Сонымен қатар, қазір көптеген түрлі бастамалар бар және Ресейдің қатысуынсыз бұл процестер мүмкін емес. Әрине, бұл үдерістерде Ресейдің пікірі әрқашан ескерілуі керек. Біз делдал болу емес, алаң беруге, біраз жағдай жасауға дайынбыз", – деп қосты ол.
Абаевтың сөзінше, алдағы кездесу әзербайжан-армян уағдаластығының нақты жүзеге асуына жол ашып, жуық арада Оңтүстік Кавказда тұрақты әрі ұзақмерзімді бейбітшіліктің орнауына ықпал етеді.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан мен Арменияға жақында жасаған сапарында Қазақстанның Баку мен Ереван арасындағы келіссөздер алаңын ұсына отырып, көмек көрсетуге дайын екенін мәлімдеді. Қазақстанда екі елдің сыртқы істер министрлерінің кездесуі өтеді деп жоспарлануда.