Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстан халық санағы үшін 27 мың планшет сатып алады: Шараға қанша ақша жұмсалады

2020 жылдың қазан айында Қазақстанда халық санағы ұйымдастырылады. Қазіргі күннің өзінде аталған шараға жаппай дайындық басталып кетіпті. Мемлекет бюджетінен халық санағына 8 миллиард теңге бөлініпті. Биыл қазақстандықтарды есепке алу электронды түрде өтетін көрінеді. Бұған дейін екі рет ұйымдастырылған бұл үрдіс тек қағаз күйінде өткізіліп келген, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.  

адамдар

Осы жылы ұйымдастырылатын санақтың ерекшелігі - барлығы электронды түрде, қағаз-қалам болмайды екен. Тіпті бұл үшін 27 мың планшет сатып алынған. Сонымен қатар осы жолы үй кезіп аралайтын санақшы жүрмейді, тұрғындар мұның барлығын үйде отырып жасай алады. 

"Арнайы интернет сайтқа кіріп, әркім, әр адам өз бетімен толтыра алады. Ол өте ыңғайлы. Неге десеңіз, көп адам үйіне кіргізгісі келмейді", - деді статистика комитетінің төрағасы Нұрболат Айдапкелов.

Бұған дейін мамандар санақтар бұрмаланды деп наразы болған еді. Соның бірі  демограф Мақаш Тәтім сол санақ қорытындыларының сараптамалық материал ретінде қолдануға жарамай қалғанын ақпарат көздерінде ашық айттыпты. Сол себепті осындай жағдай қайталанбас үшін ұйымдастырушы тарап барынша тырысуда.

" 2009 жылы болған санақтың бүкіл қателігін ескердік. Қазіргі санақ, біз ойлаймыз, барлық талаптарға сәйкес. Ақау болмауы керек. Планшеттің ішінде контейнер болады. Соның ішінде сақталынады. Оны ешкім бұза алмайды. Оны ары қарай өзіміздің арналар арқылы орталық серверге жібереміз", - деп қосты статистика комитетінің төрағасы Нұрболат Айдапкелов.

Еске салайық, комитеттің бұрынғы төрайымы Анар Мешімбаева өткен санақта 700 миллион теңгеден астам мемлекет ақшасын қалтасына басты деп айыпталып, төрт жыл өмірін абақтыда өткізген. Ол өткен жылы ғана бостандыққа шығыпты. 

"Біздің статистика комитетінің жұмысшылары мемлекеттік сатып алу процесіне қатыспайды. Электронды түрде бүкіл сатып алулар жүргізіледі. Біз өзімізге қандай нәрсе керек, соның талаптарын береміз. Ары қарай жүйе кім ұтып алды, соны бізге береді. Біз сонымен келісімге отырамыз, ары қарай жұмыс істейміз", - дейді статистика комитетінің төрағасы Нұрболат Айдапкелов.

Статистика комитеті 2009 жылы әрбір қазақстандықты санауға ақша үнемдеп қаламыз деп сендірді. Айтуларынша, алдыңғы санақта  2 доллар 90 цент кетсе, бұл жолы ол көрсеткіш 1 доллар 20 центке төмендейді екен.  Алайда жалпы бюджетке келгенде биылғы шараға 8,2 миллиард теңге жұмсалады деп жоспарлануда. Бұл алдыңғысынан 2 миллиард теңгеге артық көрінеді. Оның 3,7 миллиарды жалақыға беріледі дейді ұйымдастырушылар. 

11 жыл бұрынғы санақта халық саны 16 миллионнан асты деп айтылыпты. Қазір статистика комитетінің мәліметіне сүйенсек, халық саны 18 жарым миллионға жетіпті. Қазанда ұйымдастырылатын санақтың қорытындысы болса 2022 жылы бірақ жарияланады екен. 

Талқылау