Қазақстан халық партиясының мүшелері төраға Ермұхамбет Ертісбаевтың отставкаға кетуін талап етті
Алматыда Қазақстан халық партиясы мүшелерінің кезектен тыс съезі шақырылып, төраға Ермұхамбет Ертісбаевтың отставкаға кетуін қарастыру талап етілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Ашық дереккөзден
Бұл талаптың себебін түсіндірген партия мүшесі Асхат Асылбеков Ермұхамбет Ертісбаевтың отставкаға кетуіне бірнеше дәлел келтірді. Оның айтуынша, 2023 жылы қыста өткен мәжіліс сайлауы кезінде партия басшысының әрекеті "көптеген қиындықтар туғызған".
"Гүлжан Ерғалиқызымен сұхбатында ол Назарбаевтан ешқашан бас тартпайтынын айтты, бұл халық арасында және біздің партияда үлкен наразылық тудырды. Үгіт-насихат науқаны кезінде барлық жерде өзімді ақтап алуыма тура келді. "Төрағаң неге олай дейді, сен әлі Назарбаевты қолдап жүрсің бе, ескі Қазақстан?" деген сұрақтар болды. Өткен парламентте 10 депутаттық мандатымыз болса, осы жолы бесеуін ғана алдық. Көптеген факторлардың болғаны анық. Бірақ соның бірі, менің ойымша, бұл Ертісбаевтың жеке беделі, мен бұл туралы айтқанымда да, ол жайбарақат: "Иә, мен сондаймын” деп жауап берді", – дейді Асхат Асылбеков.
Сондай-ақ, Асылбеков Ертісбаевтың "Ертісбаев Live" арнасының жұмысына жылына 300 миллион теңге партия қаржысы жұмсалатынын айтты.
"Ертісбаев ел арасындағы беделінен айырылды": Шораев Қазақстандағы ресейшіл партиялар туралы айтты
"Ең өзекті мәселе – партияны қаржыландыру. Біз парламенттік партиямыз және үкіметтен қаржы аламыз. Сондай-ақ демеушілердің ақшасы түсетін бюджеттік қор да бар. Өкінішке қарай, партияның 250 мың доллар қаржысы жабдық сатып алуға жұмсалғанын кейін білдім. Ал "Ертісбаев Live" Youtube арнасында 20-дан астам адам жұмыс істейді, олардың жалақы қоры 50 мың доллар, бұл шамамен 23 миллион теңге. Студияны жалға алатын болып шықты, Астанадағы Қазмедианың жоғарғы қабатында орналасқан, шамамен 2 миллион теңге – бұл айына 25 миллион теңге. "Ертісбаев Live" жеке арнасына жылына 300 миллион теңге партияның ақшасы жұмсалады, ал партияның өзінің Youtubе-арнасында бірнеше адам ғана жұмыс істейді”, – дейді партия мүшесі.
Оның ойынша, Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты жанжал жағдайды одан әрі ушықтыра түскен. Себебі Ертісбаев Салтанаттың өлімі абайсызда болған жайт деп мәлімдеме жасаған. Асылбеков партия ішінде де жарғылық нормалар бұзылып жатқанын да атап өтті.
Партияның баспасөз қызметі, 19 наурызда Асхат Асылбековті партия төрағасының орынбасары қызметінен босату туралы мәселеге 11 бюро мүшесінің 10 мүшесі шешімді қолдап дауыс бергенін хабарлады. Оған жас мамандардан құралған жаңа команда тартылғанымен, "парламент мәжілісіне сайлау науқанына жетекшілік етуге" ұмтылуы себеп болған.
Еске салсақ, бұған дейін Ертісбаевтың Салтанат Нүкенованың адвокаты Игорь Вранчевтің үстінен іс қозғауды сұрағаны туралы жазған едік.