Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Атырауда жарық сөнгенде жол қозғалысын реттеген тұрғын көпшіліктің алғысына бөленді

атыраулық жігіт
Фото: Видеодан скрин

Атырауда жарықтың жаппай сөнуі салдарынан бағдаршамдар істен шығып, көлік қозғалысы тұралаған сәтте қала тұрғыны жолға шығып, 20 минут бойы көлік ағынын өзі реттеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Атырау қаласында электр энергиясының жаппай өшуінен бірнеше бағдаршам істен шығып, қаланың ең күрделі қиылыстарының бірінде көлік қозғалысы тұралап қалды. Осы сәтте қала тұрғыны жолға шығып, шамамен 20 минут бойы көлік ағынын өз қолымен реттеді.

Оқиға кезінде жүргізушілер өздігінен қозғалысты үйлестіруге тырысқанымен, кептеліс ұлғая берген. Ерікті азаматтың әрекетінің арқасында ұзын-сонар кептелістен жедел жәрдем көлігі дер кезінде өтіп кеткен.

Көп ұзамай оқиға орнына патрульдік полиция қызметкерлері келіп, жол қозғалысын реттеуді өз бақылауына алды. Полиция инспекторы азаматқа алғысын білдірген.

Кейін ерікті реттеушінің суретші әрі дизайнер Асхат Шәкімов екені белгілі болды.

Әлеуметтік желі қолданушылары оның әрекетін жоғары бағалап, алғыс білдіріп жатыр. Алайда кейбірі жол қозғалысын өз бетінше реттегені үшін оған айыппұл салынуы мүмкін деген алаңдаушылық білдірген.

Әзірге Асхат Шәкімовке қатысты құқық қорғау органдары тарапынан қандай да бір шағым немесе шара қолданылғаны туралы ақпарат жоқ.

Еске салайық, бұған дейін Қарағанды қаласының полиция аға лейтенанты Фуркан Юктің қазақ, орыс, ағылшын, түрік және француз тілдерін еркін меңгеретіні және қызмет барысында ғана емес, шетелде жүргенде де қиын жағдайға тап болған адамдарға көмектесіп жүргені хабарланған еді. Ол осы уақытқа дейін әлемнің 18 елінде болып, бірнеше қазақстандық пен шетел азаматына қолдау көрсеткен.

Айым Атамбаева
Сенбі, 18 Шілде, 2026 19:00