Қазақстан аумағынан үшінші елдерге картоп шығаруға тыйым салынды
Қазақстанда жарты жылға картопты үшінші елдерге экспорттауға тыйым салынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: pixabay.com
“Нарықтағы жағдайды тұрақтандыру және бағаның өсуіне жол бермеу мақсатында 2025 жылғы 18 қаңтарда өткен Сыртқы сауда саясаты және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның шешімімен Қазақстан Республикасының аумағынан барлық көлік түрлерімен картопты үшінші елдерге экспорттауға, Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен басқа, 6 ай мерзімге шектеу енгізілді", – делінген ақпаратта.
"5 келіден артық сатылмайды": Алматыда сауда нүктесінде картоп сатуға шектеу қойылды
Ақпаратқа сәйкес, 2024 жылы қазақстандық картоп экспортының көлемі 605 мың тонна болған. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 1,5 есе көп.
"Бұл көрсеткіш кейінгі 10 жылдағы рекордтық көрсеткіш болды және ішкі бағаларға айтарлықтай әсер етті", – деп атап өтті ауыл шаруашылығы министрлігі.
Қабылданған шаралар картоп бағасының алыпсатарлық жолмен өсуіне және нарық қатысушыларының мүмкін спекулятивті әрекеттерге жол бермеуге мүмкіндік береді.
Еске салсақ, ауыл шаруашылығы министрлігі картоп бағасының қымбаттауына кім кінәлі екенін айтқан еді.