"Қазақмыс, "ERG, "Арселор" сияқты алып кәсіпорындардың мемлекетпен жасаған келісімшарттары жалпыға жарияланады
Қазақстан аумағында қатты пайдалы қазба кеніштерін игеруші ERG, "Қазақмыс", "АрселорМиттал Теміртау" сияқты алпауыт компаниялардың мемлекетпен жасаған инвестициялық келісімшарттары жарияланды. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс вивце-министрі Иран Шархан Әділет министрлігінде өтіп жатқан ведомствоаралық комиссия отырысы кезінде айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: erg.kz
Ведомствоаралық комиссия отырысы барысында БАҚ өкілі вице-министрден бұрынғы Қарағанды металлургия комбинаты Л. Митталдың қолына қалай өткені туралы даулы пікірге түсініктеме беруін сұрады. Сондай-ақ сарапшылардың инвестициялық келісімшарттар жария түрде бекітілуі керектігі туралы талабына орай, заңнамаға қандай өзгерістер енгізілетіні туралы да сауал жолдады.
Иран Шархан қазіргі күні бұл мәселе бойынша халықаралық бастама барын атап өтті.
"Сол бастамаға біз де қосылдық. Бүкіл лицензиялардың, келісімшарттардың шарты біздің министрлік сайтында жарияланады. Кез келген адам онымен танысатын мүмкіндік болады. Осыған дейін қол қойылған шарттардың мәтіні де жарияланады. Сіз айтып отырған "АрселорМиттал Теміртаудың" да, кез келген жер қойнауын пайдаланушылардың келісімшарттары жарияланады", – деді ол.
Министр орынбасарының сөзінше, заңнамадағы бұл өзгеріс күшіне енгенше біраз уақыт керек. Қазір жұмыс басталып кеткен. Дегенмен, лицензиялар министрлік сайтында жарияланған.
"Ал инвестициялық келісімшарттардың мәтіндерімен жұмыс істеп жатырмыз. Осы жылдың аяғына дейін келісімшарттардың жартысын жариялап боламыз. Келесі жылдың ортасына дейін қалғанының бәрін тіркеп боламыз. Мен мұнай саласын айтпай-ақ қояйын, тек қана қатты қазбалар бойынша айтып тұрмын. "Қазақмыс, "ERG, "Арселор" сияқты кәсіпорындардың келісімшарттарының мәтіні жарияланады", – деді Иран Шархан.