Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Эфирдің 70%-ы қазақ тілінде болуын кейбір басшылар ұнатпайды": Министр "Бизнес FM" бас директорының сынына жауап берді

“Қазақ әндері көбінесе бізге жарамайды, радио форматына келмейді" деген "Бизнес FM"радиостанциясының бас директордың сөзіне мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Айта кетейік бұған дейін Бизнес FM" радиостанциясының бас директоры Рүстем Мақсұтов қазақ әндері радио форматына сәйкес келмейтінін айтып, көптің сынына қалған болатын. Радио басшысы қазір қазақ тілді аудитория үшін шығарылатын әндер көбіне радионың талаптарына сәйкес келмейтінін мәлімдеген еді. 

Радио басшысының осы сөзіне байланысты мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева пікір білдірді. Министр Рүстем Мақсұтовтың бұл ұстанымы қате екенін, онымен келіспейтінін жеткізді. 

“Өкінішке қарай кейбір азаматтар тіл мен мәдениетке келгенде осындай екіұдай пікір білдіріп жатады. Меніңше, өз ойын айта алмады ма, иә болмаса өзінің ұстанымы солай ма? Десе де өз басым ол азаматпен келіспеймін. Ақпарат контентінің аудитория өзі анықтайды, өзі шешеді. Қазір біздің аудиторияның 80 пайызы қазақ тіліндегі ақпаратты қолданып отыр. Бұл нақты факт. Сондықтан, отандық музыка, өнер де, эстрада да бүгінгі таңда қазақ тілінде. Ол өте қуантады. Ең бастысы, қазақ немесе орыс тіліндегі контент болсын, біз сапалы контент, пайдалы контент жасауымыз керек. Аудитория өзі белгілейді. Нарық соған икемделеді. Орыс тілді парақшаларыңыздың оқырманы аз. Кейде қазақ тіліндегі аз. Соған қарап, аудиторияларыңыздың санын анықтайсыз”, – дейді Балаева ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Балаева Мақсұтовтың хабар таратудың 70 пайызын қазақ тілінде көрсету міндеттемесі кейбір басшыларға ұнамайтыны туралы сынына да жауап берді. Министр кейбір басшылар қабылдамаса да қазақ тілінде хабар таратудың 70/30 қағидатымен жұмыс істеуге көшетін уақыт келгенін айтты. Өйткені қазақ тілді контенттің үлесі 80 пайызға жеткенін мәлімдеді. Бұл сұранысты нарық өзі реттейді деп есептейді.  

“Ақша табам деген кәсіпкер нарықтың сұранысына жұмыс істейді. Сондықтан, біз қорықпай, қазақ тілін дамытамыз десек, сапалы контентті жасасақ дұрыс. Қазақ тіліндегі контенттерді интернетте үнемі қарап отырамын. Күнделікті ақпараттан бөлек, мәдениет, білім, ғылым саласы, дін, тіл саласын жан-жақты қарап, ашып отырсыздар. Аналитикалық материалдар көп. Көрермен де, оқырман да соған зәру. Оны көбейте беру керек. Сонда біздің оқырмандарымыз да көбейеді. Сол арқылы тілімізді дамытамыз”, – деп жауап берді Балаева.

Талқылау