"Қайтыс болып кетіпті": Саят Медеуов өзі туралы суық хабарды кімнен естігенін айтты
Танымал әнші Саят Медеуов Анна Данченкоға берген сұхбатында жол апатының қалай болғанын және жарақаттары туралы айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
©instagram.com/sayat_medeuov_888
“Рөлде жиен ағам отырды. Енді ұйқының кесірі ғой. Ұйықтап кеттік. Біз арқылы көпшілікке “Қалғып-мүлгім жолға шығуға болмайды. Жолда шаршасаң тоқтап, ұйықтап ал” деген ескерту ретінде менің басымнан өткен болса, тәуекел деп, шүкір етіп жаттым. Дәл ескерту ретінде мен кетіп қалсам, еш өкпем жоқ деп ойладым. Қалғып отырып жолға шығатынымыз бар, бәріміздің басымыздан өткен. Жол апаты таңға жуық болды. Өтті, кетті. Өзіміз жолға қалай болса солай шығып кетеміз. Бірақ жол қателікті кешірмейді. Азын-аулақ жарақаттар болды, түк емес. Жағдайы менен де нашар адамдар болды. Олардың жанында менің жарақатым шыбын шаққанымен бірдей”, – дейді Саят Медеуов.
Жол апатынан кейін Саят Медеуовтің қайтыс болғаны туралы жалған ақпарат тарағаны белгілі. Өнер иесі өзі туралы суық хабарды әйелінен естіген.
“Түнгі сағат 2 кезінде телефон шырылдады. Содан тұтқаны келіншегім көтерді. Беймезгіл уақыт болған соң мен де шошыдым. Мен өзімді ойлаған жоқпын, ағайын-туыстардың біріне бірдеңе болып қалды деп уайымдап қалдым. Не жағдай болды екен деп, құлақ түріп тыңдап едім, келіншегім: “Жоқ, ол жатыр, тірі” деді. Сөйтсем мені сұрап жатыр екен. Ауруханаға да хабарласып: “Сіздерде жатыр екен ғой. Қайтыс болып кетіпті ғой” деп сұрапты. Құдайға шүкір, көңіл аударып алып қалғанына. Бүкіл ауылдың азаматтары мешітке барып, құран оқытып, менің тілеуімді тілеген екен. Көптің тілеуін Құдай қабыл алды деп ойлаймын. Қатты есімнен айырылып қалатындай жағдай болған жоқ. Тек соғылған кезде жедел жәрдемнің қай уақытта келгенін, кіммен не болғанын білмеймін. Жедел жәрдем 100 шақырым жерден келген екен. Сол аралықты мен білмеймін. Ауруханада жатқанымды білемін. Миымның шайқалғанына қарағанда басымда ми болып тұр ғой. Болмаса шайқалмас еді ғой”, – деп қалжыңдады әнші.