Қайрат Түнтеков: Министрдің адамдары қару тақап, маған қолхат жазғызды
Қалың көрерменге SuperStar KZ жобасы арқылы танылған Қайрат Түнтеков бірнеше уақыттан соң тыңдармандарымен қайта қауышты. Бір кездері көрерменнің көз алдында жүрген әнші бір сәтте ғайып болды. Әнші бастан өткен ауыр оқиғалары, отбасы мен өкініштері жайлы баяндады.
Бұл туралы "Талқылайық" бағдарламасында айтылды.
Тыңдарманын сағынған әнші сахнаға қайта шығып, шығармашылығынын қолға алған. Алдағы уақытта бірнеше жаңа туындыларымен қуантпақ. Түнтеков 6 жылдай күйзелісте жүргенін айтты. От болып жанып тұрған шағында аңдамай шоқ басып, өмірлік сабақ алғанын мойындады.
"Менің балалық шағым Шымкентте өтті. Балалық шағым бақытты өтті. Өз үйіміз болған жоқ. Пәтерде тұрдық. Қиындықтар болды. Әкем - қарапайым жүргізуші. Анам сатушы болып жұмыс істеді. Жастайымнан анам өнерге баулыды. Жарыстарға алып барды. Анамның арқасында өнерге келдім. Мектепте жақсы оқыған жоқпын. SuperStar KZ жобасына алғаш қатысқанда өтпей қалдым. Шымкентте іріктеу болған еді. Қанша талантың болғанымен ақша шешеді екен. Солайша біріншісінде қалып қалдым. Екіншісі рет қатысқанда өттім. Солай бағым жанды", - деді әнші.
Айтуынша, бұл әншінің үлкен сахнаға басқан алғашқы қадамы, өнерге әкелген бірінші баспалдағы еді. Алайда көп уақыт өтпестен әнші сүрініп кетті. Бұл қолдан жасалған қастандық деп санайды өзі.
"2012 жылы жол апатына түстім. Ол кезде халық қатты шулап кетті. Болмайтын нәрсені түйедей қылды. Қазір ондайдың қаншасын көріп жүрміз. 40 күн қамауда отырдым. Ешкімді кіргізбеді. Анамның өзін маған жібермеді. Неге солай жасағанын білмеймін. Желтоқсаншылар одағынан келіп маған араша түспек болған. Оларды да жолатпапты. Мені 18 адам өлтірген адамдай көрді. Қазір күлкім келеді. Маған қару тақап тұрып, қолхат жазғызды. Кейіннен білсем, бір министрдің адамдары екен. Маған бәле жауып, қысым көрсетті. Маған жасалған қастандық. Жоғары жақтан қысым көбейіп кетті. Қарызды төлемесең, өлтіріп кетеміз дегендер болды. Небір "рэкеттерді" көрдік қой", - деді Түнтеков.
- Қазақстанда маған қолдау болмады, шетелге кетем: Қайрат Түнтеков не себепті сахнада көрінбей кеткенін айтты
- Суретке түсуге бола ма: Қайрат Түнтеков екінші жартысын тапты
Қайрат Түнтеков осы оқиғадан соң күйзеліске түсіп, ауыр күндерді бастан өткергенін айтады. Бұл сәт бірнеше жылға дейін жалғасқан.
"Мені бірақ тыңдарманым ұмытқан жоқ. Әлі күнге іздейді. Танып жатады. Көшеден көрсе сұрап жатады. Мен ешқашан фонограмма қолданып көрмеппін. Жанды дауыспен ән айтамын. Мүмкін сондықтан болар, халықтың маған деген сүйіспеншілігі азайған жоқ. Мен сынған жоқпын. Мен - жүрегі нәзік адаммын. Уайымшыл адаммын. Бірақ сынған жоқпын. Қайта тұрдым", - деді ол.
Қайраттың орындауындағы "Назқоңыр" әнін қорлады деп айыптағандар бар. Әнші бұл пікірмен келіспейді. Себебі бұл жастарға халық әнін тыңдатудың жолы деп санайды.
"Мені "Назқоңырды" бұзды деп айыптапты. Үлкен әншілер сын айтқан. Бірақ мен әнді бұзған жоқпын. Мен жастар тыңдау үшін осылай айттым. Содан кейін "Назқоңырды" тыңдамаған жас болған жоқ. Жастар халық әнін тыңдамас еді ғой", - деді әнші.
Қайрат Түнтеков бүгінде отбасылы. Кезінде 6 жыл күйзелісте жүргенде сүйіктісі қолдау танытыпты.
"Бүгінде ол менің әйелім. Кішкентай қызым бар. Есімі Айлин. 6 айға толды. Әйелімнің атын айтып, көпшілікке таныстырғым келмейді. Жарым да оны қаламайды. Тіл-көзден қорқамын. Сахнаға шыққан соң өзім де ауырып қаламын. Дем салып, емделіп жатып жазыламын. Сондықтан сырт көзден отбасымды алыс ұстаймын", - деді Түнтеков.
Айтуынша, әнші үлкен той жасамаған. Тек сүйіктісіне құда түсіп, құдалық той өткізген. Сырға салып, неке қиған. Қайраттың Шымкент қаласында өз иелігінде шағын ғана тамақтану орны бар. Одан өзге бизнесі жоқ. Жақын күндері тың туындылар мен жаңа әндерін тыңдарманына ұсынуға асық.