Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қайрат Сатыбалдыны мерзімінен бұрын босату мәселесі қарастырылып жатыр

Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені Қайрат Сатыбалды мерзімінен бұрын босап шығуға өтініш берген. Осыған орай Stan.kz тілшісі қойған сауалға Шығыс Қазақстан облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі басқармасы жауап берді.

Шығыс Қазақстан облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы әділет полковнигі Жанболат Қалетаевтың айтуынша, Сатыбалдының өтініші № 22 ШҚО қылмыстық атқару жүйесінде қаралып жатыр . 

"2022 жылдың қыркүйек айының соңында Қайрат Сатыбалды алты жылға бас бостандығынан айырылған еді. Күні кеше Қайрат Сатыбалды шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтініш бергені туралы ақпарат тарады. Оның шығынды өтегендіктен, мінез-құлқы жақсы болғандықтан, мерзімінен бұрын бостандыққа шығуды қалайтыны айтылды. Қазіргі таңда өтініш қаралып жатыр", - делінген хабарламада.

Айта кетейік, бұған дейін Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев Қайрат Сатыбалды мерзімінен бұрын босап шығуға өтініш бергенін айтқан еді. Оның айтуынша, кез келген сотталушының мерзімінен бұрын босатуға немесе жазасын жеңіл түрге ауыстыруға өтініш беруге құқығы бар.

"Қайрат Сатыбалды мұндай арыз берді. Оның өтініші сотта қаралатын болады. Қай уақытта екені белгісіз. Сот өтінішті қанағаттандыруға немесе бас тартуға құқылы", - деді Әсет Шындалиев.

Еске сала кетейік, Қайрат Сатыбалды 2022 жылдың наурыз айында "Қазақтелеком" АҚ-ның лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланды және қаражатын аса ірі мөлшерде жымқырды деген күдікпен ұсталған еді.

Антикор сотқа дейінгі тергеуді өткен жылы тамыз айында аяқтаған болатын. Ведомство "тергеу барысында мемлекетке жалпы сомасы 240 миллиард теңгеден асатын немесе 500 миллион АҚШ долларынан асатын заңсыз сатып алынған активтер мен ақшалай қаражат қайтарылғанын хабарлады. 

Бұдан бөлек олар Қайрат Сатыбалдының "салықтар мен кедендік төлемдерден жалтару, қылмыстық кірістерді заңдастыру фактілері бойынша" қосымша тергеліп жатқанын мәлімдеді. 

Талқылау