Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің қауіпсіздігіне қатер төніп келе жатқанын үнемі айта берудің қажеті жоқ – Тоқаев

Тоқаев ҰҚШҰ елдерін мүше мемлекеттерге төніп тұрған қауіп-қатерлер туралы үнемі айта бермеуге шақырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: akorda.kz

Тоқаев ҰҚШҰ саммитінде сөйлеген сөзінде әлемдегі жағдайға тоқталды. 

“ҰҚШҰ-ның тактикасы мен стратегиясын құру кезінде, әрине, қазіргі заманның сын-қатерлерін ескеруіміз керек. Сонымен қатар, менің ойымша, ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің қауіпсіздігіне қауіп төніп тұрса да, ол туралы үнемі айтудың қажеті жоқ. Өйткені қауіп-қатер әрқашан болған. Бұл – халықаралық қауымдастықтың заңы. Бұл тақырыптағы жиі мәлімдемелер біз үнемі біреуден қорқып отыратындай ой тудырады", – деді президент.

Сессия барысында ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің ұжымдық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің өзекті аспектілері талқыланды.

Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі сессия халықаралық ахуал күрт нашарлаған өте қиын жағдайда өтіп жатқанына назар аударды. Мемлекет басшысының пікірінше, Таяу Шығыстағы оқиғалардың аужайы да ерекше алаңдаушылық туғызады.

“Қақтығыстан бейбіт халық зардап шегіп отыр. Қаншама жазықсыз адам, балалар қаза тапты. Мұндайға бей-жай қарау мүмкін емес. Қазақстан Газа тұрғындарына 1 млн доллар көлемінде гуманитарлық көмек көрсетті. Қаржы БҰҰ құрылымы – UNRWA/БАПОР ұйымы арқылы жіберілді. Таяу Шығыстағы қақтығыс, шын мәнінде, жаһандық ауқымдағы ақпараттық-идеологиялық текетіресті әбден ширықтырып жіберді. Газа секторы төңірегінде болып жатқан оқиғалар әлемдік қоғамдастықты екіге жарды. Соғыс өрті барлық ел мен континентті шарпымай тұрғанда тоқтағаны жөн”, – деді Тоқаев.

Айта кетейік, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап ҰҚШҰ-ға Қазақстан төрағалық етеді. 

Талқылау