Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Каспий Құбыр консорциумының тоқтауы Ресейдің құбырды иемденуге әрекет жасағанын білдіруі мүмкін – Сарапшы

Сарапшы Нұрлан Жұмағұлов Ресейдің жекеменшік мұнай құбырына қызығушылық танытып отырғанын айтады. Алайда консорциум акционерлерінің көпшілігі Ресейді "жақтамайтын елдерден". Сарапшының сөзінше, қазір құбырды иемдену әрекеттері Sakhalin Energy компаниясын мемлекет меншігіне беру ізімен жүріп жатыр екен, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Inbusiness.kz басылымына сілтеме жасап. 

Нұрлан Жұмағұлов Ресей билігінің Каспий құбыр консорциумы жұмысына кедергі келтіруі құбыр желісі жобасындағы батыс акционерлері үшін белгі болуы мүмкін екенін айтады. 

"Құқықтық негізде мемлекет меншігіне беру қиын, ал экологиялық заң бұзушылықтар үшін жобаны белгісіз уақытқа жабу өте оңай. Себебі теңіз флорасы мен фаунасының өлімі үшін нақты баға қарастырылмаған", – деді ол. 

Каспий құбыр консорциумы акционерлерінің құрамында Ресейді "жақтамайтын" елдердің компаниялары бар Ресейдегі жалғыз кәсіпорын болып отыр. Алдағы уақытта КҚК әлемдегі ең ірі мұнай құбырына айналуы мүмкін. 

"Ресейде бұрыннан бері Каспий құбыр консорциумын мемлекетке беру мәселесі талқыланып келеді. Және Ресей билігі бірден негізгі қадамнан бастады – экологиялық заң бұзушылықтарды анықтау. Бұған дейін мен 15 жыл бұрын Росприроднадзор "Сахалин-2" жобасында да бірнеше миллиард долларға тең экологиялық заң бұзушылықтарды анықтағанын жазған едім. Нәтижесінде "Газпром" жобаның 50% үлескері болып шыға келді", – деп қосты Жұмағұлов. 

Жақында Владимир Путин Sakhalin Energy компаниясын мемлекет меншігіне беру туралы қаулыға қол қойды. 

"Көпшілігі Путиннің шешімін Ресейді "жақтамайтын" елдердің қатысы бар энергетикалық қорларды жаппай мемлекет меншігіне берудің бастамасы деп санайды. Сонымен қатар Ресей билігі батыс компанияларын қалу немесе кету туралы шешім қабылдауға итермелейді деген де пікір бар", – деп түсіндірді ол. 

Сарапшының айтуынша, Путин бұған дейін пайдалы қазбалар кен орнын пайдалану және зерттеу үшін берілетін лицензия тек ресейлік заңды тұлғаларға тиесілі болуы керек деген қаулы қабылдаған. Егер кен орны Ресей аумағында орналасса, тек ресейлік компанияның атына тіркелуі қажет. 

Талқылау