Кәсіпорынның мүлкін жымқырған: Қазақ газ өңдеу зауытының бұрынғы директоры 4 жылға сотталды
Маңғыстау облысы Жаңаөзен аудандық сотының үкімімен "Қазақ газ өңдеу зауыты" компаниясының бұрынғы директоры Болат Байшуақов сотталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: "Қазақ газ өңдеу зауыты" компаниясы / Болат Байшуақов
Мәліметтерге сенсек, Болат Байшуақовқа кәсіпорынның сеніп тапсырылған мүлкін ірі көлемде жымқырды деген айып тағылды. Күдікті мүлікті аукционсыз заңсыз сатып, түскен қаражатты өз пайдасына иемденгені үшін кінәлі деп танылды.
Бұрынғы басшы 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылып, өмір бойы мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазымды қызмет атқару құқығынан айырылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.
"Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодекстің 19-бабының 1-бөлігіне (Кiнәсiздiк презумпциясы) сәйкес, адамның қылмыстық құқықбұзушылық жасаудағы кінәсі заңды күшіне енген сот үкімімен белгіленгенге дейін ол кінәсіз деп есептеледі.
Еске салайық, бұған дейін Маңғыстау облысында балабақша директоры мен есепшісі ата-аналардың жарнасын қалталарына басқан. Бейнеуде балабақша директоры мен есепшісі ата-аналардың жарналарын заңсыз түрде өздерінің жеке есепшоттарына аударған. Олардың әрекеттерінің салдарынан 12 миллион теңгеден астам шығын келген. Алайда облыстық прокуратура өкілдері келтірілген шығынның толық көлемде өтелгенін атап өтті.