Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Кәсіпкерлерге 900 млрд теңге құн салығы қайтарылмаған: Вице-министр салық органдарының әрекетін қолдады

Азамат Әмрин
Фото: gov.kz

Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин 2025 жылы мемлекеттік кірістер комитеті кәсіпкерлерге 900 млрд теңгеге жуық қосылған құн салығының (ҚҚС) қайтарылмауының өзіндік себебі бар екенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Ол қаражат қайтарылмаса, өзіндік себептер бар екенін алға тартты.

"Айтылған сома – бұл жалпы көрсеткіш. Қайтарылмаған қаражаттың болуы белгілі бір бұзушылықтардың бар екенін білдіреді. Мен салық органдарының тексерулеріне көбірек сенемін, өйткені мұндай жағдайлар себепсіз болмайды. Сіздер де түсініп отырсыздар. Тіпті салық органдары қателескен жағдайда да, салық төлеуші сотқа жүгінуге құқылы.", – деді Әмрин.

Әмриннің пікірінше, ҚҚС қайтарымының не себепті тоқтатылғанына нақты талдау жасау қажет.

"Бұл жұмыспен мемлекеттік кірістер комитеті айналысады, және қайтарым жасамас бұрын әрдайым тексеріс жүргізіледі, яғни “қайтару керек пе, қайтарғанымыз дұрыс па?” деген сұраққа жауап ізделеді. Егер қаражат қайтарылмаса, өзіндік себептері бар", – деді ол.

Оның айтуынша, ҚҚС қайтарымын тоқтату салық тізбегінде салықты төлемеген кәсіпкерлер анықталған жағдайда орын алуы мүмкін. Өйткені салықтық тексеріс кезінде ҚҚС-тың “тізбекті” салық екені ескеріледі.

“Яғни мен бір нәрсе сатып алсам, ол ҚҚС кейін экспорт кезінде бюджеттен қайтарылуы мүмкін. Ал егер сол тізбектегі жеткізушілердің арасында салық төлемегендер анықталса, бюджет екі рет шығынға ұшырамауы үшін қайтарым тоқтатылуы мүмкін. Сондықтан мұнда бұзушылықтар болуы ықтимал, сол себепті ҚҚС қайтарылмайды. Бұл мәселені мұқият қарау керек", – деді ол. 

2025 жылы мемлекеттік кірістер комитеті қосылған құн салығын (ҚҚС) қайтаруды уақытша тоқтатқан. Бұл сома шамамен 900 млрд теңгені құрайды.

Бұл туралы жоғары аудиторлық палата мүшесі Юлия Энгель мәжілісте жасаған баяндамасында хабарлады. Сондай-ақ ол салықтық бақылаудың сапасы мен нәтижелілігі нашарлағанын айтты.

"Жоғары аудиторлық палатаның бағалауынша, 2025 жылы қосылған құн салығының (ҚҚС) қайтарылуы шамамен 900 млрд теңгеге тоқтатылған. Яғни, кәсіпкерлерге қайтарылуы тиіс болған бұл ақша берілмей қалған", – деді ол республикалық бюджеттің орындалуы жөніндегі есепті таныстыру кезінде.

Еске салсақ, осыған дейін Мәжіліске үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның 2025 жылғы республикалық бюджеттің орындалуы туралы есебі енгізілгенін жазғанбыз. Төраға орынбасары Дания Еспаева бюджетте 335 миллиард теңге тапшылық бар екенін мәлімдеген еді.

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 21 Мамыр, 2026 19:10