Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бұл - қарыз берушіге құл қылатын келісім": Қазақстандықтар желілік маркетингтің арбауына қалай түсуде

Қазақстандықтардың арасында желілік маркетинг белең алып тұр. Кейбірі желілік маркетингтің арқасында пайда тауып, тіпті жұмысын тастағандарын айтса, енді біреулері, керісінше тұзаққа түскенін баяндайды. Сонымен, желілік маркетингпен айналысатын компаниялардың беретін уәделері орындала ма, әлде кілтипаны көп пе? Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Қазақстан ұлттық арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

теңге

Ақтау қаласының тұрғыны Айымгүл Бектұрғанова желілік маркетинг арқылы дәрі сатып алғанын айтады. 2 жылдан бері бұл іспен ақтаулық келіншектің өзі де айналысады. Кеңседегі жұмысын тастап, үйде отырып ақша табуға көшкен. Тіпті, шетелге де тегін саяхаттап келген сыңайлы. 

"Ағзаңызды керекті дәрумендердің бәрімен толықтырады, басыңыздан аяғыңызға дейін жасушаңыздың бәріне жағымды ықпал етеді. Қан тамыры арқылы сіңіп, жұмыс жасайтын өнім" деп таныстырды. Шарттарын орындап, 2,5 айдың ішінде компанияның берген жолдамасымен тегін Дубайға барып, демалып келдім. Өзіңе өзің би, қожасың. Сол себептен өзімнің бұрынғы жобалаушы жұмысымды қойып, осы жұмысқа бас бұрдым. Мыңдаған адам жинап, мотивациялық тренинг те өткізеді" , - дейді Айымгүл Бектұрғанова. 

Абай атындағы ҚазҰПУ аға оқытушысы Мақсат Жақау желілік маркетингті жабайылыққа теңеді. 

"Ол жерде 10-15 пайызы ғана жоғарғы деңгейге жетіп алғандар және артық қаржысы барлар. Желілік маркетинг – жабайы нарықтың көрінісі. Себебі нарық белгілі бір заңдармен немесе ортақ ережелермен ғана реттеліп отырады. Желілік маркетингтің табиғаты – адамды көндіру, сендіру. Уақытша бір табыс көзіне иландыру. Бұның барлығы ежелгі Русьте қарыз берушіге өзін құл қылатын келісім - "кабала" , шырматылып алып кететін нәрсе. Соңында қанша қаржы жұмсағанын да білмей қалады. Мен көтерілемін деп ақшасын жұмсай береді", - дейді ЖОО қызметкері.  

Маркетолог "баспалдақтың" жоғарғы жағында орналасқандар ғана табысқа кенелетінін алға тартады. 

"Ол жерде басты құндылық – тауардың сапасында, бағасында емес. Бұл жерде тез көтеріліп, тез адам санын жинап, тез қажет қаражатты жинап алу. Жоғарыда тұрғандар ғана тез өсіп кетеді. Кейбір компаниялар екі-ақ адам шақырсаң, осындай ақша аласың дейді. Көп адамдар еңбекпен тапқан ақшасын салып жіберуге дайын", - дейді маркетолог маман. 

Ал психологтар желілік маркетинг тұрғындарды арбауды мақсат тұтатынын жеткізді. 

"Манипуляция міндетті түрде болады. Олардың басты мақсаты - иландыру, сендіру. Сендіру үшін ойлануға мүмкіндік бермейді. "Бірі бәрі үшін, бәрі бірі үшін" деген қағиданы ұстанғанымен, сен адам алып келмесең, өзіңнің тізбегіңді толтыра алмасаң, онда ол жерден ұшып кетесің" , - дейді психолог Лимана Қойшиева.

"Адам жалпы маркетингке бағынған уақытта ол затты алуға құмартып тұрады. Күйзелісте, ақшасыз жүрген адамға манипуляция жасаған оңай. Бірақ бұл кезде бір түсінік болу керек: тегін ірімшік тек қана қақпанда болатынын естен шығармау керек", - дейді тағы бір психолог Ақгүл Молдабекова.



Елордалық Айнұр бір ай бұрын ыдыс-аяқ саудалайтын желілік компанияға кіргенін айтады. Ондағылар ақша салып, 3 адам кіргізсең, "бағалы ыдыс сенікі" деп сендіріпті. Бірақ ыдыс таңдап жүргенде желілік маркетологтар Айнұрды тақырға отырғызып кеткен.

"Әйелдердің қызығушылығын оятып, әдейі төсек жабдықтары, ыдыс-аяқ шығарып қызықтырады. Мұны көрген олар, әрине, кірмеймін деп айта алмайды. Енді Instagram-дағы ыдыс-аяқтарды көрсеңіз, көзіңіз қызығады. "Анау ыдысты аламын, мынаусын аламын" деп жүресің. Ақшаңды таба аласың ба, адам тіркей аласың ба, сен оған бас ауыртпайсың. Күнде ұйықтар кезде ыдыс-аяқты қарайсың", -дейді Нұр-Сұлтан қаласының Айнұр есімді тұрғыны.

Сөзінше, үш емес, бірден бес адамның ақшасын жинап, тауарсыз қалған келіншек қазір тығырыққа тірелген. Топтан шықса, ақшасын қайтармайды. Жұмысын жалғастырса, тағы адам кіргізуге міндетті.

"Енді не шыға алмаймыз, шықсақ ақшамыз ауаға кетіп қалады. Шықпай, сол топта отырсаң, сен адам жинауың керек. Көрдіңіз бе, біз қандай қақпанда тұрмыз қазір?!", - деп қосты Айнұр.

Ал экономистердің айтуынша, желілік маркетингтен қомақты ақша тауып, тез арада байып кету мүмкін емес. Арадағы делдал адам шақырып, тауар сатқаны үшін ғана ортақ табыстың пайызын алады. Ал уәде еткен миллиондар жаңа айтқандай, тек бизнесті бірінші бастаған бірнеше адамға ғана бұйырады, дейді маман. 

"Кім бастады, солар мол табыс табатындар. Көлеңкелі бизнестің бір түрі болып тұр. 20 мың теңгенің тауарынан 40 мың теңге табады. Бірақ 20 мың теңгені тауарға төлейді, ал қалғанын өзі клиентті шақырғаны үшін үстіндегі ақысы ретінде алып отырады. Ал ол 20 мыңға салық төлемейді", - дейді экономист Ғалымжан Керімбек. 

Салмақ тастауға, емделуге арналған сан түрлі препараттың саудасы желілік бизнесте қызып тұр. Десек те оларды дәріханадан табу мүмкін емес көрінеді.

"Себебі сертификациядан өтпеген дәрі-дәрмекті нарықта саудалауға болмайды. Бұл – заңсыз бизнес. Ол үшін жауапкершілік те қаралған. Бірақ мұндай компаниялар тауарларын дәріханада емес, желіде саудалаған соң, оларды бақылау, бәрін бірдей нарықтан шығару мүмкін емес. Тұтынушы сапасыз, күмәнді препараттан өзі бас тартуы керек", - деді ҚР денсаулық сақтау министріліне қарасты басқарма басшысы Ерік Құлшанов. 

Кірістер комитетінің мәліметінше, желілік бизнеспен айналысатын компаниялар 2 млрд теңгеге жуық салықтан жалтарған. Көбісі косметика саудасымен айналысатын "желілік" кәсіпкерлер.

"2020 жылы желілік маркетинг аясында өзінің қызметін жүзеге асырып отырған бірқатар заңды тұлғаларға салықтық әкімшілендіруді жүргізудің арқасында 123 млн теңгеден аса қосымша салық есептелген", - деді ҚР ҚМ мемлекеттік кірістер комитеті басқарма басшысының орынбасары Айнұр Сартаева. 

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр