Қарияға дөрекілік көрсеткен Төреғалиді белгілі журналист сынап тастады
Павлодарда өткен концертінен кейін басы дауға қалған Төреғали Төреәліге айтылар сын толастар емес. Әнші халықтан кешірім сұраса да, көпшіліктің реніші басылмаған сыңайлы. Қарияға ұрысып, көпшілікті ашуландырған Ұлы дала баласын белгілі журналист Ермұрат Бәпиұлы сынап тастады, деп хабарлайды Stan.kz.
Белгілі журналист Ермұрат Бәпиұлы әнші Төреғали Төреәлінің Павлодарда өткен концерттегі әрекетін сынап, Facebook желісінде пікір білдірді.
«Қалай болғанда да, Төреғалидың ақсақалды концерттен қуып шығуға қақысы жоқ еді. Әлдебір наразылығын білдірген ол кісінің жасы мен басы тіптен бөлек әңгіме. Ең бастысы – ол ақсақал – тұтынушы: қалтасынан ақша төлеп, концертке билет алған адам. Төреғали ол адамның залдан шығуын талап ететіндей, оны туған күніне немесе құдалығына шақырған жоқ. Ол – қоғамдағы қызмет түрін тұтынушы: шаштаразға, моншаға, тіпті ақылы әжетханаға ақшасын төлеп баратын адам сияқты тұтынушы.
Ал «тұтынушы талабы әрдайым дұрыс» деген жазылмаған қағида бар. Осы тұрғыдан келгенде, тұтынушы сотқа жүгінуге қақылы («Тұтынушы талабы туралы» ҚР Заңының негізінде). Көпшіліктің көзінше концерттен қуылған, одан соң интернет арқылы абыройы төгілген ақсақалдың «құлағына – алтын сырға»…
Ал бұл даудың моральдық жағына келер болсақ, «бесіктен белі шықпаған баланы» әуексіткен кім екен? Қазақтың мыңдаған жылдық тарихынан тағлым алып, оң мен сол түйсігін түгендеп болмаған «боқмұрынды» ұлардай шулап, «ұлы дала баласы» еткен кім? Қазақ радиосының қаптаған тілек айту бағдарламаларынан Төреғалидың әнін тыңдамаса, ішкен асы бойына батпайтын кімдер еді? Иә, кім екенін іштей сезіп, дымыңыз құрып отыр, ә?! Қазақты сонау Сопотқа әйгілеген Роза – кім, бұл – кім? Димашты айтпай-ақ қоялық… Той әндерімен тайраңдаған Төреш пе, тайраңдатқан басқа ма?» – деп жазды журналист.
Естеріңізге сала кетсек, Төреғали Төреәлі Павлодарда өткен концертінде сахна төрінде тұрып қарияға ұрысып, залдан қуған еді.
Мұнан кейін Ұлы дала баласын өнердегі әріптестері Меруерт Түсіпбаева, “Жігіттер” тобының әншісі Бағлан Әбдірайымов пен әншінің жерлестері сынап, оқиғаға қатысты пікір білдірді.
Ал әнші Бүркіт Төреғалиге қолдау білдіріп, араша түскен еді.
Артынан мәскеленің ушығып бара жатқанын аңдаған Төреғалидің өзі халықтан кешірім сұрады.
Оқи отырыңыз:
Баян Алагөзова 16 жастағы қызына жыныстық тәрбие бергені үшін сын астында қалды
Төреғалиді қолдап, халықты сабырлыққа шақырған Мақпал Жүнісоваға айтыскер ақын өлеңмен жауап берді
Қарияны залдан қуғаннан кейін басы дауға қалған Төреғалиге әнші Бүркіт араша түсті
Төреғалидің қызылордалық жерлестері әншінің сахнадағы әрекетіне қатысты пікір білдірді