Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

"Қараусыз қалған ғимаратқа апарды": Қазақстандық қыз Вьетнам-Лаос шекарасында келеңсіз жағдайға тап болғанын айтты

Қазақстандық азамат Вьетнам мен Лаос шекарасында жағымсыз жағдайға тап болған қыздың оқиғасын айтып берді. Сондай-ақ ол Азия елдеріне жалғыз саяхаттайтын аруларға кеңес берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Видеодан скрин

Аlflyam атты Threads әлеуметтік желісінің қолданушысы қазақстандық қыздың шекарада келеңсіз жағдайға тап болғанын айтты. Оның айтуынша, оқиға виза алу кезінде болған. 

“Қыз Вьетнамда визада белгіленген рұқсат мерзімінен артық қалып қойған. Құжатында соңғы күн 13 сәуір деп жазылған екен. Сол себепті шекараға барып, 2 терезеден тыныш өткен. Үшінші терезеге жақындағанда Лаос қызметкері паспортын ұзақ уақыт қараған. Қыз автобусы күтіп тұрғанын айтып, паспортта иммиграциялық қызметтің мөрі бар екенін көрсеткен. Қызметкер "жоқ, маған 50 доллар керек немесе банкоматқа барыңыз” деген. Отандасымыз шекараға қажет соманы ғана апарыпты. Картасы да жоқ екен”, – дейді жағдайды баяндаған жігіт. 

Фото: Threads alflyam

Желі қолданушысының айтуынша, шекара қызметкері қызды бос қалған кеңсеге алып келген.

“Шекара қызметкері костюм киген адамды шақырып, құлағына бірдеңе сыбырлаған. Костюм киген ер адам қызға жақындап “мотоциклге мін, сосын бәрі жақсы болады” деп айтқан. Бойжеткен шекараға жақын болғандықтан қандай да бір кеңсеге барамыз деп ойлаған. Жанындағы ер адамнан “қайда барамыз, қанша уақыт кетеді” деп сұраған. Ер адам үнсіз ғана қызды бос қалған кеңсеге алып келіпті. 50 доллар көрсетіп, төсегі бар бөлменің есігін ашып, отыр деген”, – деп жазды жағдайды баяндаған жігіт.

Жігіттің айтуынша, қыз қорыққанынан алды артына қарамай қашқан. Көшеде көмек сұрап, айғайлаған.

“Қыз артқа бұрылып, шекараға қарай бар күшімен жүгірген. Жылап, айғайлап, шетелдіктерден Wi-Fi қосып беруін сұраған. Ертіп келген ер адам бойжеткеннің адамдардың ортасында тұрғанын байқап “паспортыңды бер” деген. Сосын дереу мөр басып, “Вьетнамға тез кет” деп айтқан”, – дейді оқиғаны айтқан жігіт.

Фото: Threads alflyam

Жігіттің айтуынша, шекара қызметкерлері мұндай әрекетті жиі жасайтын секілді. Себебі олардың қараусыз қалған ғимаратта төсек салынған арнайы бөлмесі бар.

Жағдайды баяндаған жігіт қыздардан Азия елдеріне жалғыз бармауды сұрады. Сондай-ақ өзімен бірге қолма-қол ақша алып жүруді өтінді.

Желі қолданушылары да осыған ұқсас, басынан өткерген жағдайларды бөлісті. 

“Менің басымнан бірнеше жыл бұрын осыған ұқсас жағдай өтті. Қырғызстан шекарасында болды. Ол жерде екі кеден бар. Көп тауар алып келе жатқанмын. Шекарада бастық “өткізбейміз” деп өзіне шақырды. Мен қанша төлеуім керек деп сұрадым. Ол “қазір бөлмеме барайық, сосын мәселе шешіледі” деді. Жылап тұрған едім, көз жасың көмектеспейді деді. Мен жуынуым керек дедім. Ол “осында жуынатын бөлме бар” деп айтты. Сосын жүрегім ауырып тұр, 2 күннен бері ұйықтамадым, шаршап тұрмын дедім. Ол, “жарайды, демалыс күні Таразда кездесейік. Маған келесің, келістік пе” деп айтты. Мен “иә жарайды” деп құтылдым.  Ол маған кейін телефон соқты, бұғаттап тастадым. Ол кезде мен шамамен 26 жаста едім”, – дейді Threads қолданушысы.

“Шекарадағы жемқорлық – шекарашылардың наны. Осындай оқиға Ресей Федерациясы мен Абхазия шекарасында болды. Абхазияға мүлде кіргім келмеді. Менде артық күн қалып кету мәселесі болған жоқ. Шекарашы мені ұстап алып, алдап Абхазия жағына шығуға мәжбүрледі. Сосын Абхазияға виза сұрады. Мен Қазақстан азаматымын. Сосын ол виза алу үшін Сухумиге өт дейді. Оған ешқайда бармайтынымды айтып, елшіні шақырдым. Ол менің төлқұжатымды лақтырып жіберді”, – дейді тағы бірі. 

Аталған жағдайға қатысты Stan.kz тілшісі Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінен мән-жайды сұрап білді. Дегенмен министрлікте мұндай ақпарат тіркелмепті. 

Жұмаділлә Нұрила
Сейсенбі, 15 Сәуір, 2025 17:59
Талқылау