Қарағанды облысындағы жарылыс: Зардап шеккен бір адамның жағдайы ауыр
Қарағанды облысы, Бұқар жырау ауданы Ботақара ауылында үйде газ баллоны жарылды. Зардап шеккендердің жағдайы белгілі болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: ТЖМ баспасөз қызметі
Өкінішке қарай, Ботақара орталық ауруханасына жатқызылғандардың бірінің жағдайы өте ауыр.
Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі оқиға орнынан облыстағы медициналық мекемелерге бес адам жатқызылғанын және оның үшеуі бала екенін мәлімдеді.
"Екі бала амбулаториялық ем алуға жіберілді, бір бала облыстық балалар клиникалық ауруханасына қанағаттанарлық жағдайда жеткізілді. Екі ересек пациенттің біреуі өте ауыр жағдайда, денесінің 80% күйік шалған. Екінші зардап шегуші – қанағаттанарлық жағдайда. Пациенттерге барлық қажет медициналық көмек көрсетіледі", – делінген баспасөз хабарламасында.
Еске сала кетейік, Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданы Ботақара ауылында газ баллоны жарылып, екі адам қаза тапты. Мұны аудан әкімі Абылай Сұлтанғали Instagram желісінде мәлімдеген еді.