Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қарағанды облысында әйелге әдейі ВИЧ жұқтырған ер адам сотталды

Қарағанды облысы Шахтинск сотында адамның иммун тапшылығы вирусын жұқтырғаны бойынша айыпталған азаматқа қатысты қылмыстық іс қаралды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Pexels.com

Соттың дерегіне сүйенсек, 2015 жылы ер адамға АИТВ жұқтырған деген диагноз қойылған. Емдеуден жалтарып, басқаларды жұқтырғаны үшін қылмыстық жауапқа тартылатыны және сақтық шараларын сақтау қажеттігі туралы оған ескертілген.

“Ол 2016-2023 жылдар аралығында ауруын ескертпестен бір әйелмен бірге тұрған. Соның салдарынан ол жәбірленушіге АИТВ инфекциясын жұқтырған, әйел адам қайтыс болған. Сотталушының кінәсі сот-медициналық сараптамасының қорытындысымен расталды. Жәбірленушінің өліміне екіншілік аурулардың дамуымен АИТВ-инфекциясы және басқа да іс материалдары себеп болған”, – делінген хабарламада.

Сотталушы өз кінәсін мойындамады.

Жоғарғы соттың мәліметінше, Қылмыстық кодекстің 118-бабының (Материалдық жауаптылық) 2-бөлігінің санкциясында 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.



“Іс бойынша қылмыстық жауаптылықты немесе жазаны жеңілдететін мән-жайлар анықталған жоқ. Ауырлатылған мән-жайлар – қылмыс ауыр зардаптарға әкеп соқтырған – жәбірленушінің өлімі деп танылады. Сот айыпталушыны Қылмыстық кодекстің 118-бабы 2-бөлігімен кінәлі деп танып, 4 жылға бас бостандығынан айырды. Оған медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары, яғни мәжбүрлеп емдеу тағайындалды”, – деді Жоғарғы соттың баспасөз қызметі.

Соттың үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Еске салайық, бұған дейін Алматы облысында АИТВ инфекциясынан көз жұмған 9 жасар баланың ата-анасына қатысты қылмыстық іс қозғалғанын жаздық. Алматы облыстық полиция департаментінің мәліметінше, "балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамау" бабы бойынша тергеу жүріп жатыр. Бұл бап бойынша ата-ана 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. 

Талқылау