Зорлап, ауыр жұмысқа салған: Қарағанды облысында 22 жыл бойы құлдықта болған әйелге үй берілді
Қарағанды облысында 22 жыл бойы құлдықта болған әйел мен оның үш баласына Теміртаудан пәтер берілді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "Бесінші арнаға" сілтеме жасап.
Мадина Аманбаеваны 16 жасында әлдебіреулер алдап, Қарағанды облысына құлдыққа алып кеткен. Онда келіншекті зорлап, ауыр жұмыс істеуге мәжбүрлеген.
Құлдықта болған әйелді "Қайсар" қорының белсенділері босатып алған. Олар Мадинамен қыстыгүні кезігіпті, сол сәтте әйел өзіне көмектесуді өтінген.
"Мені алып кетіңіздерші, шамам қалмады. 22 жылдан бері сиыр сауып келемін" деп қолын көрсетті. Қолы әбден кеуіп, құрғап қалған. Ол кезде әбден әлі кеткен әйел еді. Тәжірибе кезінде оның ақша санай алмайтыны анықталды, өйткені Мадина бұған дейін ешқашан ақша ұстап көрмеген", – дейді "Қайсар" қоғамдық қорының басшысы Оксана Тарабукина.
Құлдықта жүргенде Мадина үш бала босаныпты. Бірақ сәбилерді ферма иелері тартып алыпты. Кейіннен оларды қамқорлық бөлімі арқылы кері қайтару мүмкін болған. Әйелді күң ретінде пайдаланғандарға қатысты іс бес рет жабылыпты. Қазір олардың үстінен алтыншы іс қозғалған.
"Біз соңына дейін барамыз. Қажет болса, президенттен көмек сұраймыз. Әйелді құлдықта ұстағандар жазаларын алуы тиіс. Балалар үйінің қызметкері Мадинаның құлдыққа түсуіне себепші болған. Қызметкер Мадинаны әлгі ауылға алып келген", – деп қосты Оксана Тарабукина.
Мадина Аманабаеваға екі бөлмелі пәтердің кілті табыс етіліпті.
"Мен өте қуаныштымын. Тіпті, үй беріледі деп ойлаған емеспін. Барлықтарыңызға алғыс айтқым келеді", – деді Мадина.