Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда 185 миллион теңгеге криптовалюта өндірген заңсыз майнер сотталды

Фото: elements.envato.com

Қарағанды облысының Теміртау қаласында лицензиясыз криптоферма ұйымдастырып, цифрлық активтерді заңсыз өндірген азаматқа сот үкімі шықты. Ол 2021 жылдан бері жасырын майнинг жүргізіп, шамамен 185 миллион теңге көлемінде криптовалюта өндірген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Тергеу жұмыстарын қаржы мониторингі Қарағанды облысы бойынша департаменті жүргізді. Э.Г.Толовов 2021 жылғы тамыздан бастап тиісті лицензиясыз жасырын криптоферма ұйымдастырған. Ол схеманы жүзеге асыру үшін Ресей Федерациясынан 156 бірлік майнинг жабдығын сатып алып, оны өз өндірістік базасына орналастырған.

“Э.Г.Толовов өндірген цифрлық активтерін криптобиржадағы аккаунтында жинап, кейін оларды "BinancePool" және "Litecoinpool.org" майнинг пулдары арқылы сатқан. Сауда P2P-аударымдар арқылы, USDT-ны теңгеге айырбастау арқылы жүзеге асқан. Жалпы өндірілген активтердің көлемі 11,2 BTC және 90,2 LTC болған. Бұл шамамен 185 миллион теңгеге тең. Сот үкімі бойынша оған бір жылға бас бостандығынан айыру және барлық майнинг жабдығын конфискациялау түрінде жазалау тағайындалды”, – делінген хабарламада.

Сонымен қатар мемлекет кірісіне қылмыстық жолмен алынған 185 миллион теңге қайтарылды. Сот үкімі заңды күшіне енді.



Еске салайық, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев кейінгі жылдары көлеңкелі экономикамен күрес пен қаржы заңсыздығын азайтуды мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты ретінде атап келеді. Президент заңсыз табысты криптовалюта арқылы шетелге шығару, сондай-ақ күмәнді қаржы операцияларын бақылауды күшейту жөнінде бірнеше рет тапсырма берген.

Айым Атамбаева
Бейсенбі, 12 Наурыз, 2026 11:01