Қаңтар оқиғасына қатысты қылмыстық істер неліктен ұзақ тергеліп жатыр? Ішкі істер министрлігі жауап берді
Ішкі істер министрлігі тергеу департаментінің басшысы Санжар Әділрв қаңтар оқиғасына қатысты қылмыстық істерді тергеу шарасы неліктен ұзаққа созылғанын түсіндірді. Оның айтуынша, негізгі жұмыстар жаппай тәртіпсіздіктер мен терроризм актісі бойынша жүргізілуде, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Тергеу және дәлелдеу тұрғысынан бұл істерді қарау тек Қазақстанда ғана емес, шетелде де өте күрделі. Практика негізінде мұндай істі үш айда немесе жарты жылда аяқтау мүмкін емес", – деді Санжар Әділов брифинг барысында.
Департамент басшысы жаппай тәртіпсіздіктер кезінде 1,5 мың нысанның зақымдалғанын айтып өтті. Олардың әр қайсысы қаралып, заттай айғақтар тәркіленген, материалдық өтемақы бойынша сараптама жүргізілген.
Сонымен қатар түрлі істер бойынша мыңнан аса күдікті ұсталған. Олардан жеке жауап алынып, тексеріс жұмыстары жүргізіліпті.
"Бүгінде елдегі 8 аймақта арнайы прокурорлар ісі бойынша ғана 20 мыңнан аса тергеу шаралары жүріп жатыр. 3 мыңнан аса сот сараптамасы тағайындалды. Барлық жұмыс қылмыс қатысушыларын анықтап, әрекеттеріне объективті құқықтық бағалау және процессуалдық шешім қабылдау бойынша жүргізілуде. Бұл жағдайда тергеу органдары мен сотқа қысым жасау үшін бір жақты ақпарат таратуға жол берілмейді", – деді тергеу департаментінің басшысы.