Қаңтар оқиғасы кезінде археологқа от атқан подполковник 7 жылға сотталды
Қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшқан археолог Ерлан Жағыпаровтың өліміне кінәлі подполковник 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Facebook Сәуле Көбжанова
7 ақпанда Ұлттық ұланның 5571 әскери бөлімінің подполковнигі Айтжан Әубәкіровке Алматының әскери соты үкім шығарды.
Сот мәліметінше, Әубәкіров 2022 жылы 6 қаңтарда Алматы қаласында Ерлан Жағыпаров пен Әуез Қапсалановқа оқ атқан. Сот барысында медициналық сараптама нәтижелері айтылды. 30-дан астам куәгер сұралды.
Аталған іс бойынша алғашқы сот отырысы 2024 жылы 19 желтоқсанда басталды. Алайда бірнеше сот процесінен кейін сот жабық режимде өтті. Журналистер сот залына кіргізілмеді. Сот мұны ұлттық қауіпсіздік пен мемлекеттік құпияларға қатысты ақпараттың барлығымен түсіндірді.
Алматы горнизоны әскери соты Айтжан Әубәкіровты Қылмыстық кодекстің 451-бабы (Билігін асыра пайдалану) бойынша кінәлі деп тапты. Осылайша ол 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ археологтың отбасына 20 миллион теңге, екінші жәбірленуші Қапсалановтың отбасына моральдық шығын өтейді.
Айта кетейік, Қаңтар оқиғасы кезінде 49 жастағы алматылық азаматтың денесі табылған. Кейіннен оның археолог Ерлан Жағыпаров екені белгілі болды. Жағыпаровтың туыстары оның 6 қаңтарда жоғалып кеткенін мәлімдеген. 12 қаңтар күні оның қайтыс болғанын білген. Ол қолына кісен салынған, аяусыз соққыға жығылған, жүрек тұсынан оқ атылған күйде табылған.
Ерлан Жағыпаровтың інісі Нұрлан Жағыпаров ағасын атқан адамның белгілі болғанын мәлімдеген еді.