Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қанішерді қоғам болып жазалауымыз керек": Блогер Айжан Байзақова тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты пікір білдірді

Танымал блогер Айжан Байзақова отбасыдағы еркек пен әйелдің рөлін айтып, жазба жариялады. Сондай-ақ күйеуінің ел білмейтін құпиясын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Блогер өзінің ашық образы және еркін ой-пікірімен ел талқысына жиі түседі. 

“Нұрбекті алғаш көргенде қорыққаным рас. Күлімсірейді бірақ аз сөйлейді. Сақалы бар. Әзілді түсінбейді. Мені тек осындай еркектер ғана ренжіте алады деп ойладым. Бірақ әлсіз күйеуімен ашық сөйлеспейтін әйел ғана ренжейді екен. Қыз бен жігіт болып жүре бастағанда ойымды ашық айтып, нені қалайтынымды жасырмадым. Менің жауым өте көп. Оны өзіме үйімдей қорған болғанын қаладым. Оның тарапынан болатын дөрекілік пен қысымына шыдай алмайтынымды айттым. Отбасылы болғаннан кейін де бізде бәрі тамаша деп айтқым келмейді. Ренжісіп қалу, бөлек бөлмеге жату бізде де болды. Өйткені адам болғаннан кейін сезім мен эмоциядан ажырап кете алмаймыз. Робот емес екенімізді ұмытпауымыз керек”, – дейді блогер.

Сондай-ақ, блогердің жаңадан құрып жатқан жас отбасыларға да айтар ақыл-кеңесі аз емес. 

“Мен күйеуімнің жанында өзімді сабырлы сезінемін. Біз бір команда болып өмір сүреміз. Жас отау иелері де ойларын бір жерден шығарып, бір мақсатта өмір сүрсе мәселе туындамайды. Бір-бірін қорғау – парыз. Өзімді күйеуімнің ренжітуіне жол бермеймін. Жұрт мені ақшасы мен байлығына қызықты деп айтады. Мүлдем олай емес. Тұрмысқа шықпай тұрып менде ақша да, алтын да, дүние-мүлік те болды. Мен махаббатпен тұрмыс құрдым”. – деп ағынан жарылды Айжан. 

Блогердің айтуынша, отбасы туралы сырды ақтаруға итермелеген себеп – қоғамда болып жатқан зорлық зомбылық оқиғалары. 

“Жаңалықты оқыған сайын жүрегім ауырады. Махаббат пен шын сезімге лайық қыздардың тағдыры қандай тосынсый жасайтынын ешкім білмейді. Күйеуінен таяқ жеп, қорлық көріп жатқан қыздарға қарап тұрып: “Неге күйеуге шықтың?” деп сұрағым келеді. Ол қанішер, тиран жігіттің қиянатына көнуі керек пе?! Кез келген адам махаббат пен бақытты қалайды. Қоғамдағы жан түршігетін оқиғаның салдарынан кейбір тұрмыс құрғысы келетін қыздардың ойы өзгеруі мүмкін. Бақытты некенің негізін қалайтын – еркек пен әйел. Отбасының ойранын шығаратын еркектерді қоғам болып жазалауымыз керек. Сонда ғана басқа отбасының іргесін сақтап қала аламыз”, – дейді жас отанасы.

Айта кетейік, соңғы кезде қоғамды дүр сілкіндірген экс-министрдің әрекеті резонанс тудырды. Өнер жұлдыздарымен бірге қоғам белсенділері, блогерлер жаппай наразылық жазбаларын жариялап жатыр. 

 

Талқылау