Парламент отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заң қабылдады
"Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң екінші оқылымда мақұлданды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: freepik
Жалпы заңда 15 заңнамалық актіге, оның ішінде 7 кодекске және 8 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Заңның негізгі мақсаты мынадай:
- Ұрып-соғуды және денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіруді криминалдандыру;
- ҚР қылмыстық кодексіне қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамның мінез-құлқына сот қолданатын ерекше талаптарды белгілейтін (психологиялық көмек көрсету, алкогольдік ішімдіктерді ішуге тыйым салу және т. б.) жаңа
- 98-3-бапты енгізу;
- 106-бап (Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру) және 107-бап (Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру) бойынша бас бостандығын шектеу түріндегі жазаны алып тастау жолымен жауапкершілікті қатаңдату;
- кәмелетке толмағандарға қатысты физикалық зорлық-зомбылық пен қатыгездікпен байланысты қылмыстар бойынша тараптардың татуласу мүмкіндігін болдырмау;
- қылмыстық кодекске 121-1-бапты енгізу жолымен он алты жасқа толмаған адамдарға сексуалдық сипатта тиісуді криминалдандыру;
- қылмыстық кодекске 313-1-бапты енгізу арқылы өзін-өзі өлтіруді насихаттауды криминалдандыру;
- неке-отбасы заңнамасының негіздерін дәстүрлі отбасылық құндылықтарды нығайту және ілгерілету сияқты жаңа қағидаттармен және басқалармен кеңейту;
Сонымен қатар, заңға енгізілген түзетулер өзіне қол жұмсағаны, өзін-өзі өлтіруге итермелегені немесе өзіне қол жұмсауға ықпал еткені үшін қылмыстық жауапкершілік – 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру/шектеу, кәмелетке толмағанға қатысты – 5 жылдан 9 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған.
Заң суицидті насихаттағаны үшін жаза енгізуді ұсынады. Бұл үшін қылмыскерге 200 АЕК дейін айыппұл салынады. Егер үгіт-насихат өзіне-өзі қол жұмсауға итермелесе, 1 жылға дейін бас бостандығынан шектеу/ айыру, егер ол өз-өзіне қол жұмсауына әкеп соқтырса 3 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру.
"Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" Қазақстан Республикасының Кодексінде отбасын қолдау орталықтарының құқықтық мәртебесін, оның ішінде олардың функцияларын айқындау жолымен, сондай-ақ отбасы, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі ақпараттық-анықтамалық консультация және психологиялық көмек көрсететін "111" байланыс орталығын құру туралы нормаларды бекіту;
- неке және отбасы институтын нығайту, әлеуметтік-экономикалық қолдау, өмірде қиын жағдайға тап болған адамдарды (отбасыларды) анықтау және оларға жан-жақты қолдау көрсетуді ұйымдастыру жөніндегі жергілікті өкілді және атқарушы органдардың құзыретін кеңейту;
- облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) білім басқармасы органдарына қатысты мемлекеттік бақылау туралы нормаларды енгізу;
- кәмелетке толмағандарға білім беру-сауықтыру қызметтерін көрсететін субъектілерді лицензиялауды енгізу және көрсетілетін арнаулы әлеуметтік қызметтерді ұсыну.
Заңның тағы бір маңызды бағыты – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, енді еліміздің облыстарының әрбір ауданында Отбасын қолдау орталықтары ашылады. Өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларды ерте кезден анықтау бойынша мобильді топтар құрылады.
Қудалау туралы сөзге келгенде, кәмелетке толмағандарды қорқытқаны үшін 10-нан 30 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілік енгізіледі. Кәмелетке толмағанның қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шараларды орындамағаны үшін ата - аналарына немесе басқа заңды өкілдеріне 10 АЕК айыппұл салынады, ал 16 жасқа дейінгі кәмелетке толмағанды автобустан және өзге де қоғамдық жолаушылар көлігінен ертіп жүруінсіз мәжбүрлеп түсіргені үшін – 5 АЕК айыппұл салынады.
Барлық типтегі және нысандағы интернаттарда тұратын балалардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету мақсатында алдын-ала ескертусіз мемлекеттік бақылау енгізіледі, ал балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер және білім беру-сауықтыру қызметтерін көрсететін ұйымдардың қызметін жүзеге асыру лицензия негізінде ғана ұсынылады.
16 жасқа дейінгі балаларды жыныстық сипатта қорлағаны үшін 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту, 50 тәулікке дейін қамауға алу, кәмелетке толмағанды заңсыз түрде бас бостандығынан айыру үшін - 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру, ал кәмелетке толмағанды ұрлағаны үшін – 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған.
Бұған дейін парламент cенатында әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы заң жобасы талқыланып жатқанын хабарлаған едік. Құжатта балаларды отбасынан алып қоюы мәселесіне қатысты бірде-бір норма жоқ екені атап өтілді.
Мәдениет және ақпарат министрлігі желіде тараған ақпараттың жалған екенін айтты.