Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Қалаулым” жұлдызы Жанерке: Пиар үшін жігіттің әке-шешесімен танысатын көргенсіз емеспін

«Қалаулым» жобасы арқылы халықтың қалаулысына айналған Жанерке Елшін енді аталмыш бағдарламаға қатыспайды. Мұның сыры мен өмірлік мақсаты туралы Жанерке Stan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісімен бөлісті.

"Қалаулым" жұлдызы Жанерке: Пиар үшін жігіттің әке-шешесімен танысатын көргенсіз емеспін

– Жанерке, сізді «Қалаулым» жобасынан іздеушілер көп екен. Тіпті, жобаға қайтып келуіңізді де сұрайтын жандар бар. «Қалаулымнан» неліктен кеттіңіз?

– Иә, менің жекеме хат жазған жандардың 70-80% жобаға қайтып келгенімізді қалайды. Мен сондай жанашыр жандарға мың алғыс айтамын. Шексіз ризамын. Алайда, мен аталмыш жоба арқылы өмірлік серігімді таптым. Қазір жаңа өмірге дайындық басталды. Сондықтан, ол жердегі орнымды өзімнің бағы мен бақытын іздеген өзге жандарға беруді жөн санадым. Екі жақтың ортақ келісімі бойынша жобадан кеттік. Себебі, енді мен тойға дайындалу керекпін. Тойым өзімнің туған жерімде өтеді. Ол жақта жиі бару керек. Одан бөлек тойға дайындық деген оңай емес қой. Көп уақытты талап етеді. Алайда, жаңалықтарымыз болған кезде «Қалаулым» студиясына барып, көрерменмен бөлісіп отырамыз.

– Тойдан кейін алып шаһар Алматыдан бас тартып, Сәтпаев қаласына қоныс аударады екенсіз. Қаншалықты дайынсыз?

– Бастапқыда Еркебұлан Алматыда тұра алмаймыз, мүмкін Астанада тұратын шығармыз деген еді. Кейін ауылына барғанда әкесі: «сен менің жалғыз ұлымсың. Басқа қалада тұра алмайсыңдар. Келін балаға да түсіндіріп айт» деген екен. Алғаш естігенде көңілім үлкен қалаларды қимады. Кейін ойлап қарасам, алдамшы нәрселер үшін өз бақытымнан бас тарта алмайды екенмін. Сондықтан, әрине, келістім. Кеше Сәтпаев қаласына барып келдім. Соншалықты үлкен болмаса да, адамдары мейірімді әрі тыныш қала екен. Ол жаққа келін болып түскен соң осы Алматыдағы бизнестерімді жалғастырамын деп шештім. Еркебұлан да «біз сені төрт қабырғаға қамап қоймаймыз. Өзіңе ұнайтын кәсіппен айналыса аласың» деп айтқан еді. Ешқандай шектеу болады деп ойламаймын. Және келін болған соң қамалып қалмасым анық. Алла қаласа, Сәтпаевта тұрып талай белестерді бағындырамыз деп ойлаймын.

Қалаулым жұлдызы Жанерке Пиар үшін жігіттің әке-шешесімен танысатын көргенсіз емеспін

– Еркебұланның ата-анасы сізді қалай қабылдады?

– Шынымды айтсам, алғашқыда үлкен жауапкершілік екенін сезінген жоқпын. Бірақ, құрбыларым «барған кезде көп сөйлеме. Ұяңдау бол» деп түрлі ақыл айтқан еді. Сәтпаевқа түнде жеттік. Әуелі «жоқ, үйге кіре алмаймын» деп аяқ-қолым дірілдеп, біраз уайымдадым. Сосын бір сәт терең демалып, ойланып, өз-өзімді қолыма алып, үйге кірдім. Кірсек, ата-анасы, әпкесі ұйықтамай, дастархан жайып бізді күтіп отыр екен. Төрге шығарып, сыйластық танытты. Өзімнің ата-анам сияқты қарапайым жандар. Тез тіл табысып кеттік. Бірақ, достарым айтқандай ұяң бола алмадым. Өзімнің ерке әрі ойымды ашық айтатын мінезімді бірден көрсетіп қойдым. Табиғатым сондай болғандықтан, жасанды мінез көрсете алмадым.

– Тойды қашанға жоспарлаудасыз?

– Тамыз айында болады. Жуырда мен өзімнің туған қалама барып, мейрамханаларды қарап, ішінен ұнағанын таңдап келмекпін. Ата-анам аса бай – ауқатты жандар емес. Сондықтан, өзімді танымал сезініп, жоқ нәрсені бар етіп, алтынмен аптап, күміспен қаптап той өткізу ойымда да жоқ. Ата-анасына кредит алдырып, дүркіретіп той жасайтын жандарды мен түсінбеймін. Ондай ақымақ қадамға барғым келмейді.

– Сіздердің араларыңыздағы махаббаты – пиар деп қабылдаушылар да аз емес…

– Иә, бұл сөзіңіздің жаны бар. Біз жобада жүрген кезде «Еркебұлан мен Жанерке тек пиар үшін жүр. Неге үйленбейді? Қанша уақыт кездесіп жүрмек?» деді. Ата-анасымен танысып келген соң: «Өтірік. Шоу жасауды мақсат етті. Ертең ажырасып кетеді» деп тағы сынады. Маған инстаграм парақшама небір жаман сөздер жазып, қарғаушылар да аз болмады. Сондай сөз жазғандардың парақшаларын ашсам «Бір баланың анасы. Бақытты әйел. Үш баланың анасымын» деп жазып қояды. Біріншіден, бақытты әйел өзгенің бақытын көре алмай, қарғап-сілеп, уақытын бекер өткізбейді.

Екіншіден, сондай аналарымыз аузына келгенін жазудан қорықпай ма екен деп ойлаймын. Себебі, орынсыз қарғыс адамның өзіне айналып барып, иесін табады. Одан бөлек, адамдарға біздің махаббатымыздың шынайы екенін, ешқандай пиар еместігін дәлелдеу үшін 1-2 айда үйленіп кетпейтін шығармыз. Өйткені, отбасы болу бүгін үйленіп, ертең ажырасып кетуге болатын ойыншық емес. Отбасылы болған соң бір жастықта қартаюды мақсат етеміз. Міне, уақыты келді. Енді сол кезде мені қаралап жазған адамдар өздерінің сөздері үшін ұялатын шығар. Қандай қыз шоу жасау үшін, пиар үшін жігіттің әке-шешесімен танысады екен. Мен тәрбие көрмеген көргенсіз емеспін. Әкенің ақылын, ананың тәрбиесін көрген қазақтың қызымын. Хайп іздеп өмірімді қорлаудан, ата-анамның абыройын аяққа таптаудан аулақпын.

Қалаулым жұлдызы Жанерке Пиар үшін жігіттің әке-шешесімен танысатын көргенсіз емеспін

– Хайп дегеннен шығады, сіз өзіңізге танымалдылық жинау үшін осы жобаға келіпсіз-мыс. Тіпті, бұған дейін де өзіңізге пиар жасау үшін әртүрлі жобаларға қатысыпсыз. Сізге танымалдылық расымен де қатты қажет болды ма?

– Менің мамандығым – кәсіби журналист. Талай әріптестерімнің өтініші бойынша бағдарламаларға қатыстым. Ол жерде сөз менікі болса да, ой өзгенікі еді. Тек сол көзқарасты қорғап шығу керек болдым. Мысалы, Жан Ахмадиевтің жобасында шетелдік азаматқа күйеуге шығамын деп біраз шулаттым. Жан менің жақын досым. «Кейіпкерім келмей қалды, қатысып берші. Бұл жай ғана дебат қой» дегендіктен қарсы болмадым. Соны күні бүгінге дейін бетіме басатын адамдар көп. Ал, танымал болу – менің өмірлік мақсатым деп айта алмаймын. Иә, қазір адамдар мені таниды. Кейде суретке түсуге ұсыныс жасайды. Кейбірі «мені ұзатып беріңізші» деп хабарласады. Инстаграмдағы оқырманымның көптігі – қосымша табыс әкелуде. Сондықтан, танымалдылық мақсат етпесем де, пайдасын көрудемін.

– Бұл танымалдылықты сақтап қалу үшін не істейсіз? Қазір аталыш жобадан кеттіңіз. Көзден кетсе – көңілден де кетеді.

– Танымалдылықты сақтап қалу үшін мынадай жоспарларым бар деп айта алмаймын. Маған бұл жоба танымалдылық әкеледі деп ойлаған да емеспін. Ниетім – өмірлік серігімді табу еді. Алайда, рейтингті жобада қатысушылардың әрқайсысына өз деңгейінде сұраныс бергені рас. Енді мұны сақтап қалайын, халық мені ұмытып қалмасын деп тырмысып жатқан жоқпын. Маған танымал болу қажет емес. Аллаға шүкір, махаббатымды кездестірдім. Осы махаббатты өшпестей сақтап қалуды мақсат ететінім рас.

– Десе де, танымалдылықты оңтайлы пайдаланып үлгерудесіз. Қазір тіпті, топ құрып алыпсыздар…

– Иә, қазір төрттік құрып, тойға шығып, қосымша табыс тауып жүргеніміз рас. Бірақ, топтағы Ақжарқын мен Жандоспен мәңгі бірге квартет боламыз деп айта алмаймын. Ал, Еркебұлан екеуміз мүмкін оның жұмысы рұқсат етсе, бұл топты одан әрмен жалғастыратын шығармыз. Бәрі уақыт еншісінде. Тойдан кейінгі өмірімізді қазірден бастап бал ашып, жоспарлағым келмейді. Алла қаласа, өз уақытында Еркебұлан екеуміздің жетістігімізді көресіздер деп сенемін.

Ескерту! Материалды көшіріп басуға қатаң түрде тыйым салынады.

Тағы оқыңыз: 

Өз тілім емес: Заңғар Нұртас “ағылшынша әнді акцентпен айтты” деп сынағандарға жауап берді

Енемдікі дұрыс: Жұлдыз Әбдікәрімова өзін 10 жыл бойы жасырып ұстаған енесінің әрекетін қолдайтынын айтты (фото)

Бүгінде актер, режиссер әрі продюсер: Шымкентте жетімдер үйінде өскен бала Голливудты қалай бағындырды

Әнші Санда тұрмыста болғанын мойындады

Жанкүйерлер Тәуекел Мүсілімді кір жейдесі үшін ұялтып тастады

Талқылау