Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қағаз жүзінде қой басы 2 миллионға жуық: Алматы облысында әкімдік жалған санақ жүргізген

Алматы облысының прокуратурасы шаруаларға берілген 4,8 миллиард теңгенің ұрланғанын анықтады. Әкімшілік өз баяндамаларында қой басын бірнеше рет асыра бағалаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Pixabay.com

Прокуратураның қадағалау актісі бойынша шығынды өтеу процесі басталып, бюджетке 110 млн теңге қайтарылды.

"Ауылдардағы әлеуметтік-өндірістік кооперативтер асыл тұқымды жануарларды алу мақсатында селекциялық жұмыстарға арналған 1,2 млрд теңге субсидияны ұрлаған. Іс жүзінде бұл жұмыстар орындалмай, құжаттар ресми түрде ресімделіп, облыста асыл тұқымды мал саны ұлғайтылмаған. Облыс әкімдігінің есептік деректері бойынша, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Қағаз жүзінде асыл тұқымды қой басы 4 жылда 1,9 миллионға дейін ұлғайтылғаны туралы дерек жалған болып шығып, шын мәнінде небәрі 367 мың бас екені белгілі болды", – делінген Алматы облысының прокуратурасы таратқан хабарламада.

Мәліметтерге сенсек, Алматы облысы Ұйғыр ауданында тіркелген жануарлар жоқ болса да, 2023 жылы селекциялық жұмыстарды жүргізгені үшін 45,2 млн теңге сомасына субсидия алған. Субсидия алған кезде бұл кооператив өзінің жеке шаруашылығы ретінде Ұйғыр ауданының тұрғындарына тиесілі ауылшаруашылық жануарларын тіркеген.

"Әкімдік мал басының нақты сақталуына мониторинг жүргізбеген, салдарынан мемлекеттік бюджетке залал келтірілген. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Заңсыз төленген субсидияларды қайтаруға 3 ұсыныс енгізілді", – деді прокуратура.



Еске салайық, бұған дейін Қырғызстанның Ыстықкөл облысында жай түсіп, 250 қой қырылып қалғанын жазған едік. Келеңсіз жайт 7 шілдеде Тон ауданындағы Жазы-Кечүү жайлауында болған. Оқиға орнына төтенше жағдайлар министрлігі мен азаматтық қорғаныс қызметінің қызметкерлері жіберілді. 

Талқылау