Иті өлген белсендіге басу айтамын деген Бердібек Сапарбаевтың басы дауға қалды (видео)
Жамбыл облысының әкімі өлген итін әкімдіктің алдына құшақтап барған белсендіге басу айтамын деп басы дауға қалды. Анау-мынау айғай-шуда көріне бермейтін Бердібек Сапарбаевтың дәл осы жерде сыртқа шығып төбе көрсетуі қоғамда қызу талқыға түсті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.
Тіпті шенеунік итті "заңсыз өлтіргенсіңдер" деп ветеринария басқармасының басшысын жерден алып жерге салған.
Иті үшін етегі жасқа толған әйел – әлеуметік желі белсендісі және жануарлар қорғаушысы Жанна Мамашева. Оның айтуынша, ешкімге зияны жоқ аулада жүрген жануарды ветеринарлар өлтірген. Жағдайдың қалай болғаны видеодан анық көрінеді. Мамандар алдымен итті алдап қолға түсіріп, кейін темірмен шетке сүйреп әкеткен.
Персиктің өлексесін Жанна Мамашева ерінбей облыстық әкімдіктің алдына жеткізіп, бұл іске аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевтың араласуын талап еткен. Қайғырған әйел облыс пен қала әкіміне және ветеренария басқармасы басшысына мұңын шағып тұр. Ол шенділерге мамандардың итті заңсыз өлтіргенін тәптіштеп түсіндірген. Бәрін мұқият тыңдап болған Бердібек Мәшбекұлы жауаптыларға дүрсе қоя берді.
"Екеуің де кінәлісіңдер. Шаш ал десе бас аласыңдар.Сендерге бәрін атыңдар, қырыңдар деп ешкім айтқан жоқ қой. Сендер әуелі мынаның адамға зияны бар ма, жоқ па, соны анықтауларың керек еді. Балаларды қаба ма, жоқ па? Ауру ма, жоқ па? Одан кейін иесі бар-жоғын іздеу керек еді", - деді Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев.
Әдетте шулаған халықтың алдына шықпайтын облыс әкімінің дәл осы жағдайда төбе көрсетуін бұқара өткір сынға алып, әлеуметтік желіде оны жерден алып жерге салды. Ал ветеринария басқармасының басшысы өлген итін құшақтаған Жанна Мамашева әкімнің жоспарлы жиынға бара жатқанымызды алдын ала біліп, алдымыздан әдейі шықты деп отыр.
"Бұл иттің не паспорты жоқ, мойнында қарғыбауы жоқ, чиптелмеген. Сол себептен аталған итті қаңғыбас деп санап, аулау жұмысы жүргізілген", - дейді Жамбыл облысы ветеринария басқармасының басшысы Нұржас Құрмантаев.
Нұржас Құрмантаевтың сөзінше, жануарға оқ та атылған жоқ, дәрі де берілмеген. Бірақ қалай өлгенін өзі де түсіндіре алмады. Ал қаңғыған итке қайғырған желі белсендісі қазір Алматыда. Ол жануарды мамандар улап өлтірді деген сенімде. Бұл дерек дәделденсе, кінәлілерді сотқа сүйремек.
"Ветеринарлардың істегені жауыздық. Мен бұл істі жай қалдырмаймын. Мен қазір Алматыдамын, тәуелсіз сараптамадан өткіземін. Соның қорытындысымен сотқа жүгінемін", - деп мәлімдеді белсенді Жанна Мамашева.