Испанияның әлем чемпионатындағы жеңісі рэпер Ганвестті долларлық миллионер етті

Қазақстандық рэпер Ганвест футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатының финалынан кейін бір түннің ішінде долларлық миллионер атанды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Өнер иесі мұны әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді. Ол Испания құрамасының жеңісіне 100 миллион рубль, шамамен 600 миллион теңге тіккен. Кейін ставкасына тағы 10 миллион рубль қосқан. Финалда Испания қосымша уақытта 1:0 есебімен жеңіске жеткен соң, рэпердің айтуынша, оның ұтысы 180 миллион рубльден, яғни 1 миллиард теңгеден асып кеткен.
Ганвест парақшасында ставкаларының скриншоттарын, матчты тамашалаған бардан видеолар жариялап, жеңісті ерекше эмоциямен атап өтті. Ол 180 миллион рубльден астам қаржы ұтқанын айтып, өзін долларлық миллионер деп атады.
Сондай-ақ рэпер енді алаяқтық дауына іліккеннен кейін шамамен 200 миллион рубльге сатылымға қойылған әнші Лариса Долинаның пәтерін сатып ала алатынын әзілмен жеткізді. Кейін Майамиге көшуді де ойлап жүргенін айтты.
Еске салайық, бұған дейін Мәскеу соты Ганвест лақап атымен танымал ақтаулық Руслан Гоминовқа есірткіні насихаттау туралы әкімшілік бап бойынша айыппұл салғаны хабарланған еді. БАҚ мәліметінше, Невский аудандық сотына есірткіні насихаттау туралы бап бойынша тағы бір әкімшілік іс түскен.
Ақпаратқа сәйкес, тексеріске бірден сегіз композиция іліккен: “Никотин”, “Бардак”, “В неадеквате”, “Ананасовый сироп”, “На Рахате”, “Кайфули”, “Кодинг/шнейне” және “Хулиган”.
Бұл – әртістің музыкасына қатысты алғашқы сот емес. Бұған дейін Мәскеудің Таганский соты Ганвестке “Вика любит ПЭПЭ” трегі үшін 95 мың рубль айыппұл салған. Ол кезде сот композицияда адамның ар-намысы мен қоғамдық адамгершілікті қорлайтын сөздер бар деген қорытындыға келген.
Бұған дейінгі даулардан кейін әртіс тыңдармандарына үндеу жасаған. Ганвест ертеректегі шығармашылығының бір бөлігін қайта қарап шыққанын және 2025 жылдың соңында кейбір материалдарды өзгертуді ұйғарғанын айтқан. Музыканттың сөзінше, ол есірткі қолдануды қолдамайды және әндерінің мазмұны үшін жауапкершілік арқалау маңызды деп санайды.
Оқыңыз