Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық рэпер Ганвест Ресейде тағы да айыппұл арқалады

Ганвест
Фото: instagram.com/biggunwest

Мәскеу соты Ганвест лақап атымен танымал ақтаулық Руслан Гоминовқа есірткіні насихаттау туралы әкімшілік бап бойынша айыппұл салды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Мәскеу қаласының жалпы юрисдикция соттарының баспасөз қызметінің мәліметінше, сот отырысы 2026 жылғы 12 мамырда өткен. Әртіс Ресей Федерациясының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 6.13-бабы 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған 70 мың рубль көлемінде айыппұл салынды. Бұл шамамен 435 мың теңге.

Никулин аудандық сотының ақпаратына сәйкес, іске “Ганвесттің” “ВКонтакте” желісіндегі парақшасында жарияланған “Никотин” және “Бардак” әндерінің мәтіні себеп болған. Іс материалдарында лингвистикалық сараптама бұл композициялардан “есірткі құралдарына оң баға беру” белгілерін анықтағаны айтылған. Сондай-ақ сарапшылар тректердің мазмұны “балалардың денсаулығы мен дамуына зиян келтіруі мүмкін” деген қорытындыға келген.

“Ән мәтіндерінде бейәдеп сөздердің қолданылуы адамның ар-намысы мен қоғамдық адамгершілікке нұқсан келтіреді”, – делінген сот хабарламасында.

 Мән-жайы

Айта кетейік, бұған дейін Ганвесттің шығармашылығы Санкт-Петербургте де тексеріліп жатқаны хабарланған еді. БАҚ мәліметінше, Невский аудандық сотына есірткіні насихаттау туралы бап бойынша тағы бір әкімшілік іс түскен.

Ақпаратқа сәйкес, тексеріске бірден сегіз композиция іліккен: “Никотин”, “Бардак”, “В неадеквате”, “Ананасовый сироп”, “На Рахате”, “Кайфули”, “Кодинг/шнейне” және “Хулиган”.

Бұл – әртістің музыкасына қатысты алғашқы сот емес. Бұған дейін Мәскеудің Таганский соты Ганвестке “Вика любит ПЭПЭ” трегі үшін 95 мың рубль айыппұл салған. Ол кезде сот композицияда адамның ар-намысы мен қоғамдық адамгершілікті қорлайтын сөздер бар деген қорытындыға келген.

Бұған дейінгі даулардан кейін әртіс тыңдармандарына үндеу жасаған. Ганвест ертеректегі шығармашылығының бір бөлігін қайта қарап шыққанын және 2025 жылдың соңында кейбір материалдарды өзгертуді ұйғарғанын айтқан. Музыканттың сөзінше, ол есірткі қолдануды қолдамайды және әндерінің мазмұны үшін жауапкершілік арқалау маңызды деп санайды.

Балнұр Рахматуллақызы
Сейсенбі, 12 Мамыр, 2026 22:42